ЖИ шешім қабылдаушы емес, көмекші құрал ғана болуы керек – ғалым
АСТАНА. KAZINFORM – Астана IT университеті Жасанды интеллект орталығының директоры Бейбіт Әбдікенов «Орталық Азия және жасанды интеллектінің жаһандық этикасы: сын-қатерлер мен келешегі» атты халықаралық конференциясында жасанды инттелектінің маңызы туралы айтты.
– Қазіргі таңда ЖИ біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде әртүрлі салада кеңінен қолданысқа еніп келеді. Астана IT университеті де медицина, агротехника, индустрия саласында көптеген ғылыми жоба жасап жатыр. Өзіміздің жобамыз – қатерлі ісікті болжауға қатысты. Бұл жерде этика мәселесі өте маңызды. Біріншіден, мұнда қолданылатын ақпараттар қаншалықты дұрыс өңделеді? ЖИ-ді үйрететін ақпараттарға қаншалықты дұрыс сараптау жасалған және ол қаншалықты сапалы? Этика тұрғысынан аталған мәселелер өте маңызды, өйткені ақпарат сапасыз жиналса, ЖИ дұрыс болжам жасай алмайды, - дейді ғалым.
Спикердің айтуынша, жасанды интеллектіні үйрету үшін оған сол тақырыпқа қатысты өте көп ақпарат жүктеліп, кейін сараптау, ажырату пәрмендері енгізіледі. Содан соң ғана ЖИ мәліметтерді өз бетінше өңдейтін қабілетке ие болады. Дейтұрғанмен, маман соңғы шешімді адам қабылдауы керек деп санайды.
– Шешімді адам қабылдай ма, әлде жүйе қабылдай ма деген этикалық сауал бар. Ғалым ретінде, менің өз көзқарасым ЖИ бізге тек көмекші құрал болуы тиіс. Ал соңғы шешімді қай салада болмасын адам қабылдауы керек, - дейді Бейбіт Әбдікенов.
Конференцияда Орталық Азия елдерінде жасанды интеллектіні енгізу барысында туындайтын қазіргі сын-қатерлер мен мүмкіндіктер, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның жасанды интеллект этикасы жөніндегі ұсынымдарын өңірлік контексте бейімдеу жолдары талқыланды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда алдағы бес жыл ішінде 1 млн-ға жуық адамды жасанды интеллект негізіне баулу жүргізілетінін жазған едік.