Жиі сөнетін жарық: Атырауда электр желілерін жаңғырту қалай жүріп жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында жарық жиі сөнеді. Тұрғындардың жүйкесіне тиетін электр желілеріндегі түйткілді оң шешу үшін не істеліп жатыр?
«Атырау-Жарық» АҚ президентінің орынбасары Қуанышбек Жұмиевтің айтуынша, жыл басында Атырау қаласында қосалқы стансада электр сымдары, Жылыой ауданындағы екі электробекеттің нысандарын ауыстыру көзделген. Алайда, табиғи сипаттағы төтенше жағдайға байланысты құрылыс екі айға тоқтатылған.
– Су тасқыны тоқтағаннан кейін бұл жұмыс қайта жанданды. Маусым айында Атырау қаласындағы Ақжар елді мекені мен «Алмагүл» шағынауданындағы қосалқы стансалар, Жылыой ауданының Жаңақаратон кентіндегі энергетикалық нысанның құрылғысы ауыстырылды. Енді облыстық әкімдікпен арадағы келісімшартқа байланысты апаттық жағдайдағы 1409 бағананы жаңғырту қолға алынды, - дейді Қуанышбек Жұмиев.
«Атырау Жарық» АҚ қалалық электр жүйелерінің бас инженері Нұржан Жұмабаевтың айтуына қарағанда, мұнайлы шаһардағы «Нұрсая» және «Жерұйық» шағынауданында электр желісі жиі істен шығады.
Бұл түйткілді жою үшін 32 шақырым электр желісін жаңарту жоспарланған. Осы кезге дейін «Нұрсая» шағынауданындағы 20 шақырымды құрайтын жерасты электр желісі жаңартылған.
– Қазір аталған шағынаудандағы 60-қа жуық көпқабатты үй мен «Тұлпар», «Болашақ» және «Сұңқар» тұрғын үй кешендерінің жерасты кабелі ауыстырылды. Өйткені, соңғы жылдары «Нұрсая» тұрғындарынан жарық мәселесі бойынша шағым көп түседі. Оған себеп, 16 жыл бұрын қолданысқа берілген тұрғын үйлердің электр кабелі ескірген. Осыған байланысты авариялық жағдайда кабельге жалғанатын мувталар шамадан тыс көбейген. Нақтылай айтқанда, ерасты электр кабеліне жалғанған мувта саны нормативтен асып кетіп отыр. Соның салдарынан электр энергиясы нашарлап, тұрғындар тарапынан шағымдануына әкеліп соқтырды. Бұл түйткілдің себебін зерделей келе, жерасты электр желісін полиэтиленмен қапталған өзін-өзі оқшаулағыш замануи кабельге ауыстырдық, - дейді Нұржан Жұмабаев.
Оның дерегінше, қазір «Нұрсая» шағынауданы тұрғындарынан 109 байланыс орталығына жарық мәселесіне қатысты түсетін шағым саны 4 есеге азайған. Мәселен, мамыр-қыркүйек айларының аралығында аталған орталыққа 2169 шағым түскен. Ал, соңғы 3 айда 559 шағым берілген.
Электр желісіндегі түйткіл аудандарда да бар. Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы инженерлік инфрақұрылымды дамыту бөлімінің бас маманы Әділет Бақтығалиевтың мәліметінше, мәселен, Исатай ауданында орналасқан Томан ауылындағы электр желісі тозған. Бұл ауыл тұрғындарының ренішін туғызған.
- Бұл мәселе оң шешімін тапты деуге болады. Қазір ауылдағы электр желісі қайта жаңғыртылып, Х.Ерғалиев ауылындағы №83 «Новобогат» 110/10 кВт қосалқы трансформаторынан 30 шақырым электр желісі тартылып жатыр. Оны атқаруды бас мердігер – «Айком Ltd» ЖШС қолға алды. Қосалқы стансаға ұяшық қойылып, электр жабдықтарын орнату басталды. Тұрғындарға уақытша кернеу осы айдың аяғында пайдалануға беріледі. Оны толықтай іске қосу жыл аяғына жоспарланып отыр, - деді Әділет Бақтығалиев.
Атырау облысының энергетикалық кешені баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Атырау жарық» АҚ 32 трансформаторды жаңасына ауыстырған.
Айталық, Жылыой мен Мақат ауданының әрқайсысында осындай 6 трансформатор орнатылған. Атырау қаласы мен Қызылқоға ауданында 4, Махамбет, Исатай, Индер және Құрманғазы ауданына 3 трансформатордан бөлінген.
– 2024-2029 жыл аралығында «Ынталандыру» жобасына сәйкес тұрғындарды сапалы, әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету жоспарланған еді. Осыған байланысты электр энергиясын жеткізуші кәсіпорын балансындағы 742,058 шақырым әуе, 1,745 шақырым кабель желісіне, 14 қосалқы стансаға, 76 транформаторға күрделі жөндеу жүргізілді. Бұған қоса электр тарататын бекеттер де жөнделді. Енді алдағы жылы 473,271 шақырымға жуық әуе, 1,215 шақырым кабель желісіне, 9 қосалқы станса мен 66 транформаторға, таратушы бекеттерге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр, -деп мәлім етті кешеннің баспасөз хатшысы Эльвира Рахымжанқызы.
Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Олжас Хасановтың пікірінше, бөлім балансында 548 трансформатор бар. Биыл 30 трансформатор жаңартылған.
– Трансформаторларды жыл сайын жаңарту кезең-кезеңімен жүргізіледі. Эдектр энергиясымен жабдықтаушы кәсіпорынмен екіжақты келісім аясында ұзындығы 32 шақырым жерасты желісі ауыстырылуы тиіс. Осы кезге дейін жоспарланған жұмыстың 70 пайызы атқарылды. Енді жыл соңына дейін «Жұлдыз», «Жұлдыз-3», «Водников» шағынаудандары мен Б.Аманшин, Б.Құлманов көшелеріндегі, Қ.Сәтпаев даңғылындағы электр желісін ауыстырамыз, - дейді Олжас Хасанов.
Ресей Федерациясымен шекарадағы Құрманғазы ауданындағы ауылдарда да электр желісін жаңарту қолға алынған. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 17 ауылдық округте 1445 жарық шамы, 1100 бағана мен 3 трансформатор орнатылған. Электр энегриясына жеткізетін 26400 метр электр желісі ауыстырылған.
– Биыл «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Сүйіндік, Жаңаталап, Сафон, Мақаш, Көптоғай, Бөкей хан ауылы толықтай жарықтандырылды. Тұрғындар саны көп Ақкөл ауылында 54 шақырым электр желісі тартылып, көшелерге жарық шамы орнатылды. Бұл ауылда қосалқы стансаның құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Қазір ауылда 605 электр бағанасы орнатылып, 23 шақырым кабель және әуе желісі тартылды, - деді аудан әкімінің баспасөз хатшысы Гүлхат Хамза.