ЖИ жасаған видеолар мен ескі кадрлар: өткен аптада қандай жалған ақпарат тарады

АСТАНА.KAZINFORM – Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығының (JAQ) ресми арнасы «ЖИ көмегімен жасалған дипфейктер мен суреттер» тақырыында ақпарат таратты.

Фото: Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы

«Аргентина президенті әлеуметтік желіде «six seven» қимылын көрсеткен видеосын жариялап, кейін өшіріп тастаған».

TikTok желісінде Аргентина президенті Хавьер Милейдің «six seven» қимылын көрсеткен видеосы тарады. Жазба авторлары президенттің видеосын өзі жариялап, кейін өшіргенін алға тартқан. Алайда аргентиналық Chequeado және чилилік Mala Espina фактчекинг ұйымдары видеоны ЖИ көмегімен жасалған деп анықтады. Оны әзірлеу кезінде басқа адамның видеосы пайдаланылған. Кадрдағы ерін қимылы мен дыбыс бір-біріне сәйкес келмейді, ал президенттің ресми аккаунттарында мұндай видео жарияланбаған.

Жалған мәлімдемелер, құжаттар мен скриншоттар

«Daily Nation газеті Кения президентіне төнген басты қауіпті атады».

Кенияның Daily Nation газетінің бірінші бетіне ұқсатып жасалған сурет әлеуметтік желілерде тарады. Онда сенатор Эдвин Сифуна президент Уильям Рутоға төнген басты қауіп ретінде көрсетілген. Africa Check фактчекинг ұйымы суреттен бірнеше сәйкессіздікті анықтады.

Атап айтқанда, тақырып, көрсетілген күн апта күнімен үйлеспейді, шығарылым нөмірі де дұрыс емес. Газеттің 11 қарашадағы шынайы нұсқасы ресми ақпарат көздерінде жариялаған.

«Филиппин президенті азаматтарға аптасына бір рет қана жуынуға кеңес берген».

Facebook желісінде Филиппин президенті Фердинанд Маркос кіші Эль-Ниньо құбылысына байланысты азаматтарға аптасына бір рет ғана жуынуға және он адамның бір шелек суды ортақ пайдалануына шақырғаны туралы ақпарат тарады. Алайда Rappler және VERA Files ұйымдары бұл мәліметтің жалған екенін анықтады. Президенттің ресми ұсыныстарында суды үнемдеу және жаңбыр суын жинау қажеттігі айтылған.

Ескі бейнежазбаларды жаңа оқиға ретінде көрсету

«Рио-де-Жанейрода жаппай тонау оқиғалары басталды».

Бразилия мен Аргентина әлеуметтік желілерінде жаппай тонау оқиғалары болып жатқаны туралы ақпарат тарады. Супермаркеттің тоналған сәті түсірілген видео Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва қайта сайланғаннан кейін, 2026 жылғы қарашада болған оқиға ретінде ұсынылған. Алайда аргентиналық Chequeado фактчекинг ұйымы кері іздеу әдісі арқылы видеодағы кадрлардың 2025 жылғы 29 маусымда Бразилияның Дуки-ди-Кашиас қаласында түсірілгенін анықтады. Рио-де-Жанейрода жаппай тонау оқиғалары болғанын растайтын ресми ақпарат та, сенімді БАҚ жарияланымдары да жоқ.

Осыған дейін әлемді дүрліктірген 12 фейк туралы жаздық.