Ұлттық алаяқтыққа қарсы күрес орталығында енгізілген жасанды интеллект күдікті транзакцияларды талдауды 80 есеге жеделдетті.
— Қазір алаяқтар жасайтын транзакциялар көбейіп жатыр. Бір қызметкер 100-200 күдікті төлемді бір өзі өңдеп үлгермейді. Сондықтан біз жасанды интеллект талдаушысын енгіздік, бұл жұмыс көлемін 80 есеге азайтты, — деді Сүлейменов.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, жүйе ақпаратты талдауға және шешім қабылдауға көмектеседі.
Сондай-ақ Mastercard бас директоры Санжар Жамалов «multi-rail multi-money» әлемінде төлем жүйесі түсінікті болу керек екенін айтады. Ол ЖИ арқылы жасалған қауіпсіздік жүйесі барын айтты.
Сөзінше, алаяқтықтан қорғану үшін үш деңгейлі қауіпсіздік жүйесі қарастырылған.
* Бірінші деңгей әрбір транзакцияның тәуекелін бағалайды және алаяқтық веб-сайттарды анықтайды;
* Екінші деңгей күдікті транзакцияларды анықтау үшін құрылғы мен төлем әрекетін талдайды;
* Үшінші деңгей бұрын белгісіз тәуекелдерді ерте анықтауға мүмкіндік беретін модельдерді қолдана отырып, алаяқтықтың жаңа түрлерін болжайды.
Сонымен қатар Ұлттық банк ақша-несие саясаты шешімдерін талдау үшін қолданылатын жасанды интеллект көмекшілерін енгізді.
Ұлттық банк бұл жасанды интеллект көмекшілерін «Көгершін» және «Қаршыға» деген кодтық атаумен атайды. Болашақта «Үкі» немесе «Филина» деген ЖИ-ді қосуды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек Ұлттық банк анти-фрод орталықтардың арқасында 120 миллиард теңгеден астам сома жалған транзакциялардың алдын алғанын айтты.
Еске салсақ, Қазақстанда жасанды интеллект пен кәсіби білімді ұштастыратын жаңа модель сынақтан өтетіні айтылды.