АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Прага (Чехия) ITF турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші Польша өкілі Мартина Кубкамен бірге бастапқы кездесуін жарыстың 2-ракеткалары, чехиялықтар Доминика Салкова – Рената Ворачовамен сәтті өткізді.
Ж.Құламбаева мен М.Кубка 6:0, 7:6 (7:3) есебімен жеңіске жетті.
Олар жартылай финалға шығу үшін украиналық Валерия Страхова – румыниялық Кристина-Андреа Митумен таласады.
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Александр Недовесов эквадорлық Гонсало Эскобармен бірге АҚШ ашық чемпионатының алғашқы айналымынан аса алмады. Олар 2 сағатқа созылған тартысты кездесуде турнирдің 12-ракеткалары, ұлыбританиялық Джейми Маррей – жаңазеландиялық Майкл Винусқа жол берді – 6:7 (3:7), 6:7 (3:7).
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның АҚШ ашық чемпионатын жеңіспен бастағанын жазған едік.
Юлия Путинцева екінші айналымға шыға алмады.
Сондай-ақ Тимофей Скатов жарыс жолынан шығып қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).