НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Шымкентте ITF сериясы бойынша өтіп жатқан турнирдің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген Ж.Құламбаева ресейлік Анастасия Сухотинамен бірге жартылай финалда Беларусь өкілі Алена Фалей – ресейлік Мария Шолоховамен шеберлік байқасты.
Бірінші партия тартысты өрбіп, қазақстандық-ресейлік жұп тай-брейкте әбжілдік танытты – 7:6 (8:6).
Екінші сетте олар айқын басымдылық көрсетті – 6:2.
Ж.Құламбаева мен А.Сухотина финалда ресейліктер Екатерина Маклакова – Ксения Зайцевамен бас жүлдені сарапқа салады.
Жібек осы додада жекелей сында ширек финалдан аса алмай қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Ыстанбұл турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).