Жібек Құламбаева Шымкент турнирінің жеңімпазы атанды
15:21, 23 Сәуір 2022
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында Шымкентте ITF турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген Ж.Құламбаева ресейлік Анастасия Сухотинамен бірге финалда ресейліктер Екатерина Маклакова – Ксения Зайцевамен күш сынасты.
Е.Маклакова мен К.Зайцева осы доданың екінші ракеткалары еді.
Қазақстандық-ресейлік жұп бірінші партияда 6:1 есебімен айқын басымдылық көрсетті. Олар екінші сетте де осы қарқынын бәсеңдеткен жоқ – 6:4.
Осылайша Ж.Құламбаева жұптық сында чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Бұдан бұрын Юлия Путинцева Ыстанбұл турнирінің жартылай финалына шыққанын, Жібек Құламбаева Шымкент турнирінің финалына шыққанын жазған едік.