Мұндай пікірді Астана экономикалық форумы аясында «Мемқалақұрылыскадастры» МКК бас директоры Тұрлыбек Мұсабаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның атап өтуінше, Қазақстан Жібек жолы бойында Алматы, Шымкент және Ақтөбе агломерациясын құруға ниетті.
«Жібек жолындағы Алматы агломерация еліміздің ірі сауда-логистикалық, қаржылық және инновациялық орталығына айналады. Мәселен, Алматыда мұндай орталық экономиканы әртараптандыру мақсатында технологиялық дамуға бағытталған «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аумағы мен қаланың Алатау ауданындағы индустриалды аймақ болады», - деді ол.
Оның айтуынша, Шымкент өңірі еліміздің оңтүстік аймағындағы өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы орталығы ретінде дамитын болады. Бұл ретте мақта-мата бұйымдарына, кілемдерге, қағаз шығару ісіне басқа да жеңіл өнеркәсіп түрлеріне айрықша мән беріледі. Ал Ақтөбеде инвестициялық аймақтар, индустриялды-логистикалық парктер орналастырылады. Олардың басымдыққа ие қызметтері мұнай мен газды қайта өңдеу, мұнай-газ машиналарын шығару, химия өнеркәсібі сынды салалар болмақ.
«Атап өткен аймақтар бизнес пен инвесторларға қажетті барлық инфрақұрылымдарды ұсына отырып, бағдарланған өндірістік қуаттардың шоғырланған ортасы ретінде елдің үш өсім нүктесіне айнала алады. Бұл келешекте, 2050 жылға қарай қазіргі 45 мың доллар көлеміндегі еңбек өнімділігін 120 мың долларға дейін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Мұсабаев.