ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында ұйымдастырылған бұл форумға Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Италия, Әзербайжан сынды 13 елдің жоғары оқу орындары мен мәдени мекемелерінің басшылары келді. Олар Қазақ ұлттық өнер университеті (ҚазҰӨУ) оркестрінің өнерін тамашалап, атақты музыкатанушы Болат Сарыбаев жинаған қазақтың ұлттық музыкалық аспаптар көрмесін аралады.
Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚазҰӨУ ректоры Айман Мұсақожаева қонақтарды ЭКСПО көрмесінің ашылуымен құттықтады және аталған көрменің қазақтың ұлттық өнерін жаһандық деңгейде насихаттауға мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.
«Қазақстан үшін бұл өте маңызды әрі жауапты шара. ЭКСПО-2017 көрмесінің идеясы болашақтың энергиясымен, ал біздің жағдайда сан ғасырлық әлемдік және ұлттық өнер энергиясымен байланысты. Аталған көрме Қазақстанның мәдениет және өнер өкілдеріне қазақтың ұлттық өнерінің барлық салаларындағы жауһар туындыларды, еліміздің гүлденуі мен ұзақ жасауының кепілі болып табылатын ежелгі ұлттық кодымызды жаһандық деңгейде көрсетуге мүмкіндік береді», - деді Айман Қожабекқызы.
Сондай-ақ, университет ректоры шетелдік музыкалық мекемелер басшыларының мұндай ауқымды құрамы Қазақ ұлттық өнер университетінде алғаш бас қосып отырғанын мәлімдеді.
«Жібек жолы елдеріндегі музыкалық мекемелер басшылары форумының географиялық шеңбері кеңейіп отырғаны қуантады. Біздің биылғы форумға Dankook университеті (Оңтүстік Корея), Мимар Синан атындағы Ыстанбұл өнер университеті (Түркия), Қырғыз ұлттық консерваториясы, Өзбекстан Мемлекеттік консерваториясы, Қазан мемлекеттік консерваториясы, Санта-Чеччилия консерваториясы қосылды. Қазақстанның өнер саласындағы зиялы қауым атынан форумымыздың жылдан-жылға нығая түсеріне үміт білдіремін», - деді ол.
Сонымен бірге, Айман Мұсақожаева шетелдік әріптестерін өзі ректорлық ететін Қазақ ұлттық өнер университетінің қызметімен таныстырып, оқу орындары арасында өзара студент алмасуды көбейту мен жаңа ғылыми-білім беру бағдарламаларын құруды ұсынды.
«Қазақ ұлттық өнер университетінің ұжымы музыкалық өнер саласындағы әрбір таланттың шығармашылық шыңдалуы үшін халықаралық талаптарға сай сапалы білім беру ортасын құруды мақсат етіп отыр. Музыкалық дарынды жастар ғана болашақта ұлттық шығармашылық элитаның өзегіне айналады. (...) Бүгінгі форум оқу орындары және көптеген салалардағы мәдени нысандар арасындағы байланыстарды нығайтуға, атап айтқанда, оқытушылар мен студенттердің академиялық мобильдігі мен жаңа ғылыми-білім беру бағдарламаларын құруға септігін тигізеріне үміттенемін», - деді Айман Мұсақожаева.
Екі күнге созылатын форумда музыкалық мекеме басшылары дәстүрлі ұлттық мәдениетті сақтау мен дамыту мәселелері, музыкалық мұраның сабақтастығы - өнер саласындағы жоғары оқу орындарының тәжірибесі және «Өнер энергиясы - болашақ энергиясы» тақырыптарын талқылап, мәдениет пен өнер саласындағы өз тәжірибелерімен бөліседі.