«Астана Опера» театрының директоры Төлеген Мұхамеджановтың сөзіне қарағанда, театр сахнасында Қазақстан, Италия, Франция, Қытай, Ресей опера және балет жұлдыздары өнер көрсетеді.
«Кейбір спектакльдерге қазіргі кезде билеттер жоқ. Адамдар қойылымдарға үлкен қызығушылық танытып отыр. Фестивальдің бағдарламасы өте қызық. Алдағы жылы осы мәдени шараға қатысушы ұжымдардың саны арта түседі деген ойдамын. Осы орайда 2015 жылы бұдан басқа да мемлекеттерден әртістер келеді деп пайымдап отырмыз»,-деді ол.
Т. Мұхамеджановтың айтуынша, фестиваль аясында Бибігүл Төлегенованың «Сүю, үміттену және сену» атты бенефисі КСРО Халық әртісінің 85 жылдық мерейтойына орай 30 қыркүйекке белгіленіп отыр.
М. Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы Қазақстан және Ресей әртістерінің қатысуымен 20 қыркүйекте қойылады.
Сонымен қатар Ұлттық Қытай театры 25 қыркүйекте Қытайдың бірегей ұлттық мәдениетін, опера және балет өнерін көрсетіп, халық әндері мен би қойылымдарынан тұратын концерт ұсынады.
Бұдан бөлек, «Ромео мен Джульетта» балетін 19 қыркүйекте көруге болады. Ромео рөліне Роман Михалев (Франция) шақыртылса, Джульеттаны Мәдина Баспаева сомдайды.
«Спартак» балетін көрермен 23 қыркүйекте тамашалай алады. Бас партияны «Астана Опера» балетінің солисі Адамжан Бақтияр, Фригияны ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Баспаева орындаса, Эгина партиясын Үлкен театрдың прима балеринасы Екатерина Шипулина (Ресей), сондай-ақ Крас партиясын Үлкен тетатрдың премьері Александр Волчков сомдайды.
Айта кетейік, «Астана Опера» алғашқы «Жібек жолы» халықаралық фестивалін өткізеді. Астана тұрғындары мен қонақтары өнер мерекесін 17 қыркүйек пен 6 қазан аралығында тамашалай алады.