Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында атақты жарыскерлер Стефан Петрансель, Себастьян Леб және Сириль Депре, сондай-ақ Peugeot Total командасының директоры Бруно Формин мәлімдеді.
«Жібек жолы» раллиі - өте танымал жарыс. Өте күрделі және өте қызықты трасса. Біз жарыс жолының үштен екісін жүріп өттік. Бірақ, өкінішке қарай, осыдан екі күн бұрын қателікке бой алдырып, ауыр апатқа ұшырадық. Автокөлігімізді жөндейміз деп көшбасшылық орыннан айырылып қалдық. Соған қарамастан, қалған екі машинамыздың арқасында көш басына шыққымыз келеді. Бейжіңге бірінші болып жетеміз деген үміттеміз", - деді Стефан Петрансель.
Өз кезегінде жарыстың көшбасшысы Сириль Депре Алматыда қанып ұйықтағанын айтты.
«Ұзақ уақыттің ішінде бірінші рет кереуетте ұйықтадым. Ұйқым қанды. Кеше асықпай отырып, кешкі ас іштік. Алдымызда әлі ауыр трасса күтіп тұр. Командалардың барлығы бірінші орынды жеңіп алғысы келеді. Біз үшін жағдай оңай емес. Осы жеткен орнымызды сақтап, команданы жеңіске жетелей білу қажет», - деді С. Депре.
Команданың тағы бір мүшесі Себастьян Леб «Жібек жолының» «Дакар» жолына қарағанда едәуір ұзақ екендігін айтты.
«Жол-жөнекей Қазақстанның әсем жерлерін қарап, тәнті болып жатырмыз», - дейді Себастьян Леб.
Айта кетелік, құрлықаралық «Жібек жолы» марафоны өткен 8 шілде күні Мәскеудің Қызыл алаңында басталған еді. Ал, 11 шілдеде жарысқа қатысушылар Қостанай қаласына келді, келесі күні Астанада болды.
Екі апта ішінде олар 10 мың шақырымнан астам аумақты басып өтуге тиіс. Ал оның басым бөлігі шапшаң жүруге арналған жерлер.
Биыл «Жібек жолы» раллиінде Peugeot Total командасының үш экипажы жарысуда. Олар: «Дакар» раллиінің бірнеше дүркін чемпионы Стефан Петрансель мен штурман Жан-Поль-Коттре, ралли-рейд бойынша екі дүркін әлем чемпионы, мотоцикл бойынша «Дакар» раллиінің бес мәрте чемпионы Сириль Депре мен штурман Давид Кастре және классикалық ралли бойынша әлемнің бес дүркін чемпионы Себастьян Леб пен штурман Даниэль Элена.