ЖИ дәуірінде деректер инфрақұрылымын инвестициялау маңызды — Сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект саласында әлемдік көшбасшылыққа ұмтылған елдер ең алдымен деректер инфрақұрылымын дамытуға басымдық беруі керек. Бұл туралы «EY» компаниясының мемлекеттік сектор және инфрақұрылым жөніндегі ЖИ бағыты бойынша жаһандық директор орынбасары Томас Эрвин айтты.

Коллаж: Kazinform/ ЖИ

Сарапшының пікірінше, Қазақстан табиғи ресурстарға бай мемлекет ретінде жаһандық өзгерістер кезеңінде өзіне тиімді стратегиялық ұстаным қалыптастыра алады.

— Болашаққа көз жүгіртсек, Қазақстанның әлемдік күш орталықтарының арасында өзіндік орнын қалыптастыруға мүмкіндігі бар. Мұндай жағдайда бейтарап ұстанымды сақтай отырып, деректер инфрақұрылымына инвестиция салу — ең ұтымды әрі қауіпсіз шешімдердің бірі, — деді Томас Эрвин Астанада ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-отырысы кулуарында.

Оның айтуынша, алдағы жылдары ЖИ тек интеллектуалдық еңбекті емес, өндірістік және физикалық процестерді де түбегейлі өзгертеді.

— Жасанды интеллект болашақта экономиканың барлық саласына ықпал ететін негізгі факторға айналады. Сондықтан бүгіннен бастап дұрыс дайындалған мемлекеттер өздерінің ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалайды, — деді ол.

Спикер цифрлық инфрақұрылым ЖИ-ді дамытудағы шешуші фактор екенін ерекше атап өтті.

— ЖИ үшін жоғары есептеу қуаты, ауқымды дата, деректерді өңдеу орталықтары, сақтау жүйелері және сенімді байланыс желілері қажет. Осындай инфрақұрылым болмаса, халықаралық деңгейде жұмыс істеу, әлемдік стандарттарға сай қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру және тұрақты құқықтық реттеуді қамтамасыз ету мүмкін емес, — деді шетелдік сарапшы.

Томас Эрвиннің айтуынша, алдағы бес жылда инвестициялық шешімдердің басым бөлігі ЖИ-дің даму деңгейіне қарай қабылданады.

— Болашақта қомақты қаржы салатын кез келген инвестор компанияның ЖИ-ді қолдануға қаншалықты дайын екеніне назар аударады. Егер мен инвестиция салатын болсам, компанияның жаңа технологияларға бейімделіп, олардың мүмкіндігін тиімді пайдалана алатынына көз жеткізер едім, — деді ол.

Сөз соңында ол ЖИ-ді дамытуда цифрлық егемендік мәселесіне ерекше назар аудару қажеттігін айтты.

— Бүгінде кез келген мемлекет үшін ең маңызды мәселелердің бірі — деректер егемендігі. Яғни деректердің елге қалай кіріп, қалай шығарылатынын және олардың қаншалықты қауіпсіз қорғалатынын нақты айқындау қажет. Бұл мәселеде неғұрлым түсінікті әрі сенімді саясат қалыптасса, инвесторлардың да сенімі соғұрлым жоғары болады. Деректерін Қазақстанда сақтағысы келетін компаниялар олардың қауіпсіз сақталатынына және халықаралық талаптарға сай қорғалатынына толық сенімді болуы тиіс, — деді EY сарапшысы.

Айта кетейік, елордада ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-отырысы өтіп жатыр.