ЖИ дәуірінде мұғалімнің рөлі өзгереді — Astana IT University ректоры

АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы білім беру жүйесіне де әсер етіп жатыр. Болашақта мұғалімдердің басты міндеті ақпарат жеткізу емес, оқушы мен студентті ынталандыру болмақ. Бұл туралы Astana IT University ректоры Әлтайыр Ахметов Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.

Фото: видеодан алынған скрин

Оның сөзінше, бүгінде кез келген ақпарат интернетте және жасанды интеллект жүйелерінде қолжетімді. Сондықтан білім беру саласындағы дәстүрлі тәсілдер өзгеріп келеді.

— Педагогикалық парадигма өзгеріп жатыр. Егер жасанды интеллектіні білім беру процесінде кеңінен пайдаланатын болсақ, мұғалімдер оқушыларға шабыт беретін, оларды қызықтыратын маманға айналуы керек. Бұған дейін оқытушылар үйретіп келген ақпараттың басым бөлігі қазірдің өзінде цифрлық ортада бар, — деді ректор.

Әлтайыр Ахметовтің айтуынша, ендігі жерде оқытушының басты құндылығы ақпаратты жеткізуде емес, студенттің пәнге қызығушылығын оятып, оның ойлау қабілетін дамытуда болмақ.

Сондай-ақ ол жасанды интеллект студенттердің білім алу процесін жеңілдететінін атап өтті. Мәселен, диплом жұмысын қорғауға немесе емтиханға дайындалу кезінде студенттер жасанды интеллект арқылы өздеріне қойылуы мүмкін сұрақтарды алдын ала анықтап, жауаптарын талдай алады.

— Студенттер жасанды интеллектіден өз жұмысын сынап көруді, әлсіз тұстарын көрсетуді сұрай алады. Бұл олардың емтихан мен диплом қорғауға сапалырақ дайындалуына мүмкіндік береді, — деді ол.

Ректордың пікірінше, жасанды интеллект адамдардың кейбір дағдыларына әсер етуі мүмкін. Десе де білім беру ұйымдарының маңызы жойылмайды. Керісінше, мұғалімдердің қоғамдағы рөлі жаңа мазмұнға ие болады.

— Енді мұғалім тек білім беруші емес, бағыт-бағдар көрсететін, мотивация беретін тұлға болуы керек, — деп түйіндеді Әлтайыр Ахметов.

Айта кетейік, ЖИ Ұлыбритания сотында алғаш рет істі жеңуге көмектесті.