«Сайлау науқаны өз мәресіне жетті, алдын ала қорытындысы шықты, халық өз таңдауын жасады. Ең алдымен, маған сенім білдіріп, дауыс берген сайлаушыларыма шын жүректен алғысымды айтамын!» - деді кандидат.
Ол саяси науқанда ұсынған бағдарламасы осы сайлаумен тоқтап қалмайтынын атап өтті. Сайлаулды құжатында көрсетілген бастамаларын бұдан кейін де жалғастыра беретініне сендірді.
«Халықтың жағдайын, әл-ауқатын жақсарту үшін бүкіл күш-жігерімді, маңдай терімді арнаймын.
Содан соң, Қасым-Жомарт Тоқаевты жеңісімен құттықтаймын! Ел игілігі үшін еңбек етеді деп кәміл сенемін! Жаңадан сайланған Мемлекет басшысына ел басқару ісінде табыс тілеймін!» - деді Дайрабаев.
Жигули Молдахалықұлы сайлауалды кампаниясында екі басты мақсатқа қол жеткізгенін мәлімдеді.
«Біріншіден, ауыл және ауыл шаруашылығының қомақты мәселелерін қоғам алдында тағы да көтердік. Екіншіден, «Ауыл» партиясының жұмысын жан-жақты насихаттап, партияның мүмкіндіктері мен электоралдық күш-қуатын халыққа таныта білдік.
Ауыл тұрғындары «Ауыл» партиясына сенеді. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, ауыл мен агро саланың болашағы үшін жұмысымызды жалғастыра береміз! Енді алдағы электоралдық науқандарға дайындаламыз!» - деді Жигули Дайрабаев.
Еске салсақ, 20 қарашада өткен кезектен тыс Президент сайлауы кезінде Еxit poll әдістемесі бойынша жүргізілген сауалнамалардың алғашқы қорытындылары мәлім болды.