Саладағы өсім көрсеткіші инвестиция көлемінің артуымен байланысты. Атап айтқанда, қаңтар-қыркүйек айлары аралығында жиһаз өнеркәсібіне 3 миллиард теңгеден астам инвестиция салынған. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 63 пайызға артық.
Инвестиция жаңа жобалар мен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды дамытуға бағытталған. Мәселен, биыл Шымкент қаласында жиһаз жасалатын жаңа кәсіпорын іске қосылса, Солтүстік Қазақстан облысында осы өнеркәсіп үшін шикізат компоненттерін шығару кәсіпорны пайдалануға берілді.
Өңірлер арасында жиһаз өнімдерін шығару бойынша жетекші орынды Алматы қаласы алады. Мегаполисте өндіріс көлемі – 13,3 млрд теңге. Шаһар аумағында осы саладағы барлық жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 30 пайызы шоғырланған. Сондай-ақ, жиһаз өндірісі бойынша көшбасшылар қатарына Алматы (3,5 млрд теңге), Қарағанды (3,4 млрд теңге) және Павлодар (3,4 млрд теңге) облыстары кіреді.
Елімізде жиһаз өнімдерін тұтыну нарығы өткен жылы 221 миллиард теңге көлемінде болды. Сарапшылар халық санының өсуі, көші-қон, кірістің ұлғаюы, инфрақұрылымның кеңеюі, сондай-ақ жаңа тұрғын үй жобалары мен коммерциялық үй-жайлар құрылысының өсуі есебінен жиһаз өнімдерін әлемдік тұтынудың тұрақты өсуін болжайды.
Айта кетсек, 2023 жылдың шілдесінде барлық мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін офистік жиһаз сатып алуға мораторий мерзімі аяқталады.