Жыл басынан 130-ға жуық астаналық ЖИТС жұқтырған

Фото: Фото: Kazinform/ DALL-E

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл сайын мамырдың үшінші жексенбісінде халықаралық деңгейде ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды еске алады, деп хабарлайды Астана әкімдігі «АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы» МКҚК.

Биыл атаулы күн 18 мамыр күні атылып өтеді.

Астана қаласының АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды еске алу күні қоғамның назарын АИТВ-инфекциясының алдын алу мәселелеріне тағы да аудару үшін маңызды күн деп санайды.

— АИТВ-инфекциясының және оппортунистік аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеудің тиімді құралдарына қолжетімділікті кеңейтудің, күтім және қолдау бағдарламаларын енгізу нәтижесінде АИТВ-инфекциясы терапияға жарамды созылмалы аурулар санатына өтіп, АИТВ-мен өмір сүру ұзақтығы арта түсті, — делінген хабарламада.

Астана қаласында АИТВ-инфекциясын уақтылы және ерте анықтау мен емдеу, сондай-ақ аурудың таралу қарқынын төмендету үшін бірқатар емдеу-алдын алу шарасы қабылданып жатыр. Иммундық жүйенің жағдайын уақтылы бақылауға және қайталама инфекциялардың дамуын болдырмауға мүмкіндік беретін АИТВ-инфекциясын ерте анықтау мақсатында халықтың АИТВ-ға тестілеуге кең қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Мәселен, 2025 жылдың 4 айында 160 мыңнан астам адам АИТВ-инфекциясына тексерілді. Жалпы халықты тестілеумен қамту 12%-ды құрады.

Үкіметтік емес ЖИТС сервистік ұйымдарда халықтың негізгі топтарының өкілдерін инвазивті емес экспресс-тесттердің көмегімен жедел тестілеу енгізілді.

— Соңғы 10 жылда антиретровирустық терапиямен қамту 5 есеге артты, есепте тұрғандар санының 93%. АИТВ-ның анадан балаға берілуінің деңгейі 1%-дан (0,5%) аспайды. Бұл жаңа туған нәрестелер арасында АИТВ-мен сырқаттану қаупін айтарлықтай төмендете түседі. АРВ-терапиясына қолжеткізу сапасының артуы нәтижесінде ЖИТС-тен болатын өлім-жітім көрсеткішінің өсуіне жол берілмеді, — деп атап өтті орталықтың баспасөз қызметі.

Осы атаулы күнге байланысты АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен, үкіметтік емес ұйымдармен, Жастар денсаулық орталықтарымен, сондай-ақ Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен бірлесіп ашық есік күнін өткізеді. 16 мамырда «Хан Шатыр» СОО-да халыққа арналған акция, ҚазАТУ студенттеріне арналған акция және АИТВ-инфекциясының алдын алу бойынша іс-шаралар өткізіледі.

Айта кетейік, Астана қаласы бойынша 2025 жылғы 4 айда АИТВ-инфекциясының 130 жағдайы тіркелді, оның ішінде 60%-ы — 20-39 жас аралығындағы адамдар.

Бұған дейін Қызылордадағы АИТВ-инфекциясын жұқтыру оқиғасынан кейін бұйрыққа өзгеріс енгізілетіні айтылды.