Жыл басынан бері 11,5 мыңнан астам бала жүзуді үйренді
АСТАНА. KAZINFORM — Шомылу маусымы басталар алдында Төтенше жағдайлар министрлігі халық арасында қауіпсіздік мәселесін түсіндіру жұмысын өткізіп жатыр. Толығырақ Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Ақылбек Ахметжанов айтып берді.
— Жыл басынан бері суға түсу қауіпсіздігі тақырыбында теледидарда 1 081 сюжет, радиода 2 273 ақпарат, газеттерде және әлеуметтік желілерде 1 369 мақала жарияланды. Сондай-ақ мессенджерлерде 7 462 жазба және әлеуметтік желілер арқылы 343 тікелей эфирде түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Аталған іс-шаралар 3 млн жуық адамды қамтыды, оның ішінде 650 мыңға жуық бала бар. Сонымен қатар жыл басынан бері 11 562 балаға жүзу үйретілді, бұл жұмыс жалғасын табады, — деді Ақылбек Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Одан бөлек, тұрғындарға жадынама таратылып, шомылуға рұқсат аумақтарға 181 қауіпсіздік белгілері орнатылған.
— Жергілікті әкімдіктер балаларға қауіпсіз жағажайлар дайындап жатыр, ол жерде құтқарушылар балаларды жүзуге үйретеді. Сол сияқты су қауіпсіздігі туралы ақпараттар министрлік пен өңірлік департаменттерінің ресми сайттары мен әлеуметтік желілерде орналастырылған, — дейді ол.
Кеше Ақтөбеде 4 жасар бала суға батып кетті.