Жыл басынан бері 15 мыңнан астам жол апаты болған: жүргізушілерге талап күшейе ме

Фото: Report

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері алты айда елімізде 15 698 жол-көлік апаты болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 54% көп. Жол апатында 22 мыңнан астам адам зардап шегіп, 1 466 адам қаза болған. Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров

– Тек бір айдың ішінде Қазақстанда ірі жол апаттары болып, 25 адамның өмірі қиылған. Атап айтқанда, Маңғыстау облысында жол апатынан 10 адам, Жетісу облысында 10 адам, Қарағанды облысында 5 адам қаза тапқан. Яғни бейбіт күнде қаншама отбасы қайғы жұтып, қара жамылып қалды. Бұл өте алаңдатарлық жағдай, – дейді депутат.

Сарапшылардың айтуынша, жол апатының үштен бірі жүргізушілердің белгіленген жылдамдықтан асып кеткендігінен, рулде ұйықтап кету, қарсы жолаққа шығып кетуінен болады.

– Жыл басынан бері Қарағанды облысының жолдарында 49 адам қаза болса, соның үштен бірі – таксидің қызметін пайдаланған азаматтар екен. Дәл осындай жағдай республикалық маңызы бар трассалардың барлығына дерлік тән. Такси жүргізушілердің көпшілігі – жас жеткіншектер. Олар күні-түні демалмай үш-төрт рет қалааралық рейс жасап, жолаушы тасымалдайды. Түні бойы денені сергітетін сусын ішіп, әсері біткен соң лезде ұйықтап кетеді, – деді Е. Сайыров.

Бұдан бөлек, қалааралық тасымалдауда көбінесе оң жақ рульді Toyota Alphard көліктері қолданыста. Бұл алдындағы көліктен басып озу барысында қарсы жолақта келе жатқан көлікті көруге кедергі жасап, жиі жол апатына ұшыратып жатыр. Шілде айының екі күнінде Alphard көліктерінің қатысуымен Жамбыл және Алматы облыстарында екі ірі жол апаты болды. Онда он адам қаза тауып, тағы төртеуі жарақат алды.

– Мәселен, АҚШ-та жүргізушілерге қойылатын талап өте қатаң. Такси қызметін көрсету үшін әрбір жүргізушінің жеке басы, денсаулығы, соттылығы, жүргізуші куәлігі, тынығуы толық сүзгіден өткізіледі. Егер жүргізуші жолда жылдамдықты шектен тыс арттырса, жол полициясы айыппұл салып, бірден Uber жүйесіне мәлімет жібереді. Ол дереу жүргізуші аккаунтын 2 жылға жауып тастайды. Біздің елімізде де осындай шаралар енгізілуге тиіс. Өйткені жолда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамассыз ету майданға айналып отыр, – деді Мәжіліс депутаты.

Е. Сайыров агрегаторлар жол жүру ережелерін жиі бұзатын жүргізушілерді, оң рульді машиналар мен екі есікті машиналарды жолға шығармауы керегін айтуда. Қалааралық рейс болса, рейс алдында техникалық және медициналық бақылаудан өтуі керек.

Сондай-ақ сервистер автомобильдердің техникалық жағдайы мен жүргізушілердің біліктілігін тексеріп, талапқа сай келмегендерді шектеп отыруы қажет.

Айта кетейік, астаналық «Жеңіс» футбол командасының ойыншысы Виктория Кайсаринова Астана – Павлодар трассасында жол апатынан қаза тапты.