Жыл басынан бері 194 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды

Осы жылдың 9 айында 194 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Фото: Kazinform

«Осы жылдың 9 айында камералдық бақылаумен 10 трлн теңгеге 353 мыңнан аса мемлекеттік сатып алу рәсімдері қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 47 129 рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды. Оның ішінде мемлекеттік аудит объектілері кемшіліктерді жою туралы хабарламалардың 93 пайыз орындады», - деді министр.

Оның дерегінше, 1 709 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен шамамен 1,2 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылды.

«Шамамен 194 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету мен жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 158 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 1 724 ұсыным берілді», - деді Ерұлан Жамаубаев.