Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бұл оқыс жағдайлар облыс орталығында балалардың қараусыз қалуынан болғанын мәлімдеді.
– Ата-аналардың балаларды бақылаусыз қалдыруы, терезеде уақытша бекіткіш тор немесе блокиратордың болмауы, балалардың терезе алдында ойнауы төтенше жағдайға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан тұрғындарды үйде бала барда терезені ашық қалдырмауға, терезенің тиісті қорғауы болмаса, торды сенімді тірек ретінде пайдаланбауға, терезе, балкон немесе шыны есіктің алдында ойнап жүрген балаларды әркез назарда ұстауға, бала терезенің алдына шықпауы үшін терезенің жанына жиһаз коймауға шақырамыз. Қауіпсіздік сабақтарын өтіп, үлкен балаларға бүлдіршіндерге қамқор болуды үйретудің маңызы зор. Бала терезені өз бетінше ашпауы үшін терезеге блокиратор немесе тұтқасына құлып орнату керек, - деді департаменттің басқарма бастығы Асхат Оразбеков.
Департамент өкілдері қауіптің алдын алу бағытында насихатты күшейтті. Жыл басынан бері 3 мыңға жуық тұрғын арасында түсіндірме жұмысын жүргізді. Бұқаралық ақпарат құралдарында тақырыптық материалдар жарияланды. Оқушыларға қауіпсіздік ережелерін таныстыру мақсатында бірқатар жиын өтті.
Бұған дейін елордалық ТЖД мамандары балалардың терезеден құлау оқиғаларының алдын алу бойынша ата-аналарға үндеу жасаған болатын.