Жыл басынан бері 250 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде жұмыспен қамту саласында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар оң нәтижесін көрсетуде. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша елімізде 249 598 адам жұмысқа орналастырылды.

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Жыл басынан бері 96 415 қазақстандық тұрақты жұмысқа орналасты. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тұрақты жұмыс орындарына орналасқан азаматтар саны 30 мыңнан астам адамға артқан. Бүгінде жұмысқа орналасқандардың басым бөлігі тұрақты жұмыспен қамтылып, тұрақты табыс пен толық әлеуметтік кепілдіктерге ие болып отыр.

Сонымен қатар еңбек нарығының құрылымында да оң өзгерістер байқалады. Бұрын жұмыспен қамтудың едәуір бөлігі уақытша жұмыс орындарының үлесіне тиесілі болса, бүгінде басымдық ұзақ мерзімді жұмыспен қамтуға берілуде. Уақытша жұмысқа орналасқандар саны 115 960 адамнан 76 953 адамға дейін қысқарды. Бұл халықты жұмыспен қамтудың анағұрлым орнықты моделіне көшу үрдісін айғақтайды.

Тұрақты жұмыспен қамтудың артуы еңбек нарығын дамыту бағытында жүргізіліп жатқан кешенді мемлекеттік жұмыстың нәтижесі болып отыр. Жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл кеңейтіліп, Enbek.kz электрондық еңбек биржасының цифрлық сервистері жетілдірілуде, сондай-ақ экономиканың нақты сұранысына бейімделген кәсіптік оқыту бағдарламалары мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары іске асырылуда.

Еңбек нарығындағы оң үрдіс негізгі көрсеткіштерден де көрініс табуда. Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылғандар саны 9 млн 392 мың адамға жетіп, жалдамалы жұмыскерлер қатары шамамен 150 мың адамға ұлғайды. Жұмыссыздық деңгейі 4,5%, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3% деңгейінде сақталуда.

Министрліктің мәліметінше, алдағы уақытта сапалы жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігін арттыру және азаматтардың кәсіби біліктілігін дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады. Негізгі міндет – әрбір қазақстандықтың тұрақты табыс көзіне айналатын, ресми еңбек қатынастары рәсімделген және лайықты еңбекақы төленетін жұмысқа орналасуына жағдай жасау.

Тұрақты жұмыс орындарын құру халықтың әл-ауқатын арттырудың, экономиканың орнықтылығын нығайтудың және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі болып қала береді. 

Айта кетелік Enbek.kz порталында жаңа сервис – Цифрлық жұмыспен қамту қызметі іске қосылған еді