Ресми өкіл баяндамасын консулдық қызмет бағыты бойынша мәселелерден бастады.
«Біздің жұмысымыздың бұл бағыты аса маңызды, себебі шет елдерде азаматтарымыз бен бизнесіміздің құқықтары мен мүдделерін қорғауға ерекше басымдық береміз. Консулдық-құқықтық көмекке мұқтаж отандастарға тікелей және барынша көмек көрсететін қызметкерлер консулдар екені белгілі. 2023 жылы консулдық мекемелерге азаматтардан 12 мыңнан астам өтініш келіп түсті, оның басым бөлігі – 99,3% қанағаттандырылды», - деді А. Смадияров.
Оның айтуынша, Қазақстан азаматтарының шет елдердегі заңды құқықтары мен мүддесін сақтау мәселесі тұрақты негізде бақылауда.
«Жыл барысында Түркиядағы табиғи апаттар мен Таяу Шығыстағы әскери-саяси қақтығыстың шиеленісуі салдарынан Қазақстанға біздің 400-ден астам азамат отбасы мүшелерімен бірге эвакуацияланды (Түркиядан – 107, Израильден – 166, Газа секторынан – 127)», - деді ҚР СІМ өкілі.