Жыл басынан бері 5 трлн теңгеге мемлекеттік сатып алу рәсімі өтті
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың алғашқы үш айында 5 трлн теңгеге 692 мың мемлекеттік сатып алу рәсімі өткізілді. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл айтып берді.
— Өткен жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша 1,5 трлн теңгеге шарт жасалса, биыл 4 трлн теңгеге шарт жасалды. Яғни, биыл жалпы сомасы 2,5 есе артық шартқа қол қойылған. Көрсеткіштердің өсуіне жаңа заң шеңберіндегі сатып алу мерзімдерін қысқарту мен рәсімдерін оңтайландыру әсер етті, — деді Д. Кеңбейіл Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алудың рейтингтік-балдық жүйесі жетілдірілді, бұл — адамның қатысуынсыз, ақпараттық деректерді қолдану арқылы әлеуетті жеткізушілерді айқындайтын конкурстық жүйе. Оны өткізу мерзімі 30 күннен 5 күнге дейін қысқартылды. Бүгінде бұл жүйе бойынша құрылыс, жобалау, техникалық қадағалау жұмыстары сатып алынады.
— Конкурстық комиссия құрылмайды, яғни адами фактор жоқ. Біздің дереккөздерді қолдану арқылы жеңімпаз автоматты түрде анықталады және бұл жүйе бойынша өткен конкурстың қорытындылары шағымдануға жатпайды, — деді қаржы вице-министрі.
Оның айтуынша, барлық сатып алуларды осы жүйеге көшіру жоспарланған. 1 қыркүйектен бастап орташа жөндеу және абаттандыру жұмыстары осы жүйеге ауыстырылады.
Еске сала кетсек, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң күшіне енген болатын. Сатыпалымның жаңа тәртібі жобаларды іске қосуды жеделдетіп, сыбайлас жемқорлықтың сын-қатерін азайту мен жергілікті бизнесті қолдауға бағытталған.