Қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасы аясында биыл 125 орын бөлінді. Маусым айында өткен комиссия отырысының шешімімен 16 отбасыдан құралған 48 адам өңірлік квотаға енгізілді. Оның ішінде Өзбекстаннан 36 адам, Қытайдан 6 адам және Түрікменстаннан келген 6 адам бар.
Қоныс аударған отбасыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіліп жатыр. Қазір 14 отбасыдан тұратын 41 адамға отбасын көшіруге арналған әлеуметтік төлем ретінде жалпы көлемі 12,4 миллион теңгеден астам қаржы берілген.
Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиеваның мәліметінше, қандастарды жұмыспен қамту бағытында да тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді.
– Осы жылдың 1 маусымына дейін Мансап орталықтарына 22 қандас жүгініп, жұмыссыз ретінде тіркелді. Алдағы уақытта оларды тұрақты жұмыспен қамту бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – деді Гүлболат Аманғалиев.
Мамандардың айтуынша, қандастарға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары олардың жаңа ортаға бейімделуіне, тұрмыс жағдайын жақсартуға және еңбек нарығына кірігуіне мүмкіндік береді.
Бұған дейін мәжілісте қандастарды қоныстандыру және оларға қойылатын талаптарға қатысты мәселелер көтерілгенін жазған едік.