Айта кетейік, жиында сауда саласының ашықтығын арттыруға, көлеңкелі схемаларды жоюға және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылауда ұстап, халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыс мәселесі талқыланды. Негізгі міндет – өндіруші мен тұтынушы арасындағы артық алып-сатарларды қысқартып, баға қалыптастыру үдерісін барынша түсінікті әрі бақылауға болатын деңгейге жеткізу.
Қазіргі таңда бұл жұмыс тәжірибелік кезеңге көшті. Өңірлердегі баға жағдайына елеулі ықпал ететін 63 негізгі базар айқындалды. Аталған нысандарда көшпелі тексерулер, мониторинг және түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы кезеңде ғана «Алтын Орда» мен «Барыс-4» секілді ірі сауда орындарын қоса алғанда, 18 базар қамтылды. Тексеру қорытындысы бойынша 486-ға жуық заңбұзушылық анықталып, олардың әрқайсысы бойынша тиісті шаралар қабылдану үстінде.
-Сонымен қатар тауар өткізу тізбектеріндегі тәртіпті күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл басынан 150 тиімсіз делдал шығарылды. Тексеру нәтижесінде контрафактілік және таңбаланбаған өнімдер, көлеңкелі айналым, кассалық тәртіптің бұзылуы, еңбек қатынастарының рәсімделмеуі және сауда орындарын бірнеше мәрте қосалқы жалға беру фактілері анықталды, – деді ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев.
Кеңесте заңсыз өнім айналымы мәселесі де талқыланды. Қолданыстағы шектеулерге қарамастан, бірқатар өңірлерде қажетті құжаттары мен таңбалауы жоқ импорттық тауық жұмыртқаларын сату фактілері анықталған. Жалпы алғанда, заңсыз айналымнан шамамен 32,5 мың дана жұмыртқа тәркіленді. Сондай-ақ тәркіленген өнімдерді жою кезінде міндетті түрде бейнефиксация жүргізу және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажеттігі атап өтілді.
Кеңеске облыс әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қаржы министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілдері қатысты.
Осыған дейін Алматы базарында 13 мыңнан астам заңсыз әкелінген тауық жұмыртқасы анықталғаны туралы жаздық.