Жыл басынан бері кәсіпкерлерге 500 млрд теңге жеңілдетілген несие берілді – Фархат Сәрсекеев

Фото: Дияр Бексұлтанов

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген несие беріліп жатыр. Толығырақ «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев айтып берді.

- 4,3 млн халық шағын және орта бизнесте жұмыс істейді. Біздің мақсат – әрі қарай сапалы дамыту. Біріншіден, субсидия – әлемдік тәжірибені зерттесек субсидиялау дағдарыс кезінде қысқа мерзімде қолданылатын құрал. Біз оны пандемия, локдаун кезінде жақсы қолданып, мемлекет, Үкімет қаржы бөлді. Шағын және орта бизнес жабылып қалмасын деп қолдау көрсетілді. Енді жыл басынан бері біз субсидиядан жеңілдетілген несиелеуге көштік. Бұл Үкіметтің қалауы, біз Үкіметтің операторымыз. «Өрлеу» бағдарламасын дайындап нарыққа шығардық, оның ерекшелігі бекітілген мөлшерлемемен екінші деңгейлі банктер арқылы несие беру, - деді Фархат Сәрсекеев Jibek joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында.

Фото: Дияр Бексұлтанов

Бүгінде «Даму» қоры 8 екінші деңгейлі банкпен жұмыс істейді.

- Оның ерекшелігі мен қаржының 50 пайызын банкке беріп, қалған 50 пайызын банк құяды. Осылайша, жеңілдетілген 12,6 пайызбен қаржыландырып отырмыз. Біз барлық саланы қаржыландырмаймыз, басым 5 сала бар. Олар –өндіріс, білім, денсаулық, тасымалдау және туризм саласы. Аталған салаларға 7 млрд теңгеге дейін 12,6 пайызбен 10 жылға жеңілдетілген несие беріп отырмыз. Жыл басынан бері 1400 кәсіпкерге қолдау көрсетіп, 500 млрд теңгеге таяу қаржыландырылды. Бұл тек шағын және орта бизнес бойынша, - деп толықтырды спикер.

Айта кетейік, 2026 жылдан банктер ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беруге тартылады.