ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бапасөз қызметінің хабарлауынша, былтыр осындай тестті 7-11 сыныптардағы 116,5 мың оқушы тапсырған.
Платформаның функционалы халықаралық бағалау әдістемелері негізінде пайдаланушының кәсіби бағыттарға деген бейімділігі мен қызығушылықтарын анықтауға мүмкіндік береді. Тестілеу нәтижелері бойынша жүйе автоматты түрде мамандық таңдауға қатысты жеке ұсынымдар қалыптастырып, сондай-ақ білім алу мүмкіндіктері мен қажетті дағдыларды дамыту жолдары туралы ақпарат ұсынады.
Платформа бастапқы диагностика жүргізуді қамтамасыз етіп қана қоймай, мамандықтар және еңбек нарығы туралы өзекті мәліметтермен танысуға жол ашады.
Өңірлік үйлестірушілер мен кәсіби бағдар беруші педагогтерді де оқыту жүргізілді, пайдаланушыларды сүйемелдеу тетіктері жолға қойылды, сондай-ақ өңірлер мен білім беру ұйымдары бөлінісінде нәтижелерді шолу және талдау құралдары енгізілді.
2026 жылы платформаның функционалын одан әрі кеңейту, нысаналы топтарды, оның ішінде халықтың әртүрлі санаттарын қамтуды арттыру, сондай-ақ білім беру бағдарламалары және еңбек нарығы деректерімен интеграцияны күшейту жоспарланып отыр.
Осыған дейін мамандық таңдауға көмектесетін жаңа платформа іске қосылғаны туралы жаздық.