Жыл басынан бері Өзбекстан кәсіпорындарында 101 адам қаза тапты

Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Биыл қаңтар-маусым аралығында өзбекстандық инспекторлар заңнама талаптарын сақтамаған 21 436 фактіні анықтады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Жұмыспен қамту және кедейлікті қысқарту министрлігінің баспасөз хатшысы Джамолиддин Каландаровтың ақпаратынша, қамтылып отырған аралықта кәсіпорындарда 7 720 тексеріс жүргізілген. Оның барысында құқық қорғау органдары 4 335 лауазымды тұлғаға айыппұл салып, үш оқиғаға қатысты іс сот пен прокуратураға тапсырылған. 

Фото: ӨР Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігі

Сондай-ақ қажетті деңгейде еңбек жағдайы жасалмаған 8 мың заң бұзушылық жағдайы анықталды. Атап айтқанда, мамандар мәжбүрлі еңбекке тартудың 16 фактісін тіркеп, 135 азаматтың құқығын қорғады. 

Алғашқы 6 айда ел кәсіпорындарында 387 жазатайым оқиға болып, салдарынан 416 қызметкер зардап шекті. Оның ішінде 303 адам ауыр, 12 қызметкер жеңіл жарақат алды, 101 адам қаза тапты. Апаттардың көбі құрылыс саласында тіркелген.