Жыл басынан бері полицейлер 17 тоннадан астам есірткі тәркіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы 6 айда елімізде есірткімен байланысты 4 мың құқықбұзушылық анықталды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев айтып берді.
«Ішкі істер министрлігі жұмысының негізгі бағыттарының бірі – есірткі қылмысына қарсы күрес. Жыл басынан бері осы бағытта полицейлер 9 мыңнан астам алдын алу шарасын жүргізді. Алты айда 4 мың есірткі құқық бұзушылығы анықталды, оның ішінде 1600-ден астамы – қылмыс деп танылды», - деді ресми өкіл министрлікте өткен брифингте.
Спикердің айтуынша, жыл басынан бері заңсыз айналымнан 17 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 355 кг синтетика тәркіленді.
Сонымен бірге, 31 жасырын есірткі зертханасы жойылған.
Бұған дейін Ш. Әлекешев елімізде бірқатар қылмыстың төмендеуі байқалғанын айтқан еді.