Локомотив бригадаларының қырағылығы мен жедел әрекетінің арқасында пойыздар мен көліктердің соқтығысуына жол берілмей, қозғалыс қауіпсіздігі қамтамасыз етілді.
Мәселен, 1 мамыр күні Мойынты — Шығанақ учаскесінде жүк пойызының машинисі шұғыл тежегішті қолданып, «Хова» жүк көлігімен соқтығысудың алдын алған. Өткелдегі белгі беру жүйесі дұрыс жұмыс істеп тұрған. Пойыз 16 минутқа кешіккен.
21 сәуірде Шу — Тараз учаскесінде жүк пойызының машинисі теміржол өткеліне шығып кеткен Jeep автокөлігін байқап, шұғыл тежеу арқылы апатты болдырмаған. Осы жағдайға байланысты пойыз 10 минутқа кешікті.
25 сәуірде Мойынты — Шығанақ учаскесінде жолаушылар пойызының машинисі жол ережесін бұзған Chevrolet Cobalt көлігімен соқтығысудың алдын алды. Пойыздың кешігуі 4 минут болған.
13 мамырда Тараз — Шу және Жаңаесіл — Көкшетау учаскелерінде де осындай екі жағдай тіркелді. Машинистер өткелге шығып кеткен жеңіл көліктерді байқап, шұғыл тежегішті қолданған. Көлік жүргізушілері оқиға орнынан кетіп қалған.
19 мамырда Янко — Саумалкөл өткелінде КамАЗ жүк көлігі теміржол өткелінде бұзылып қалып, машинист шұғыл тежеу арқылы апаттың алдын алған.
Ал 21 мамырда Бауманская — Пресногорьковская аралығында жүк пойызының машинисі теміржол өткеліне шығып кеткен фурамен соқтығыспау үшін шұғыл тежегішті қолданды. Соның арқасында апат болмаған. Пойыз 12 минутқа кешіккен.
ҚТЖ мәліметінше, барлық жағдайда өткелдердегі белгі беру құрылғылары дұрыс жұмыс істеген. Апат қаупінің басты себебі — жүргізушілердің жол жүру ережелерін өрескел бұзуы.
Өткен жылы машинистер 62 жол-көлік оқиғасының алдын алған. ҚТЖ жүргізушілерді теміржол өткелдерінен өту кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Бұдан бұрын теміржол өткелдеріндегі жол апаты 30%-ға азайғанын жазғанбыз.