Жыл басынан бері ұлттық парктерге 2 миллионға жуық турист барды

Фото: «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанның ұлттық парктерін 2 миллионға жуық адам тамашалады, деп хабарлайды Kazakh Tourism ұлттық компаниясы. 

Бұл көрсеткіш еліміздегі табиғи және экотуризмге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартады.

Келушілер саны бойынша көшбасшы – «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі. Ақмола облысындағы қарағайлы ормандарымен, әсем жартастары мен көлдерімен ерекшеленетін бұл аймаққа 600 мыңнан астам турист келген. «Қазақстандық Швейцария» атанған Бурабай – отбасылық демалыс пен белсенді туризмде сұранысқа ие бағыт.

Фото: «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы

Екінші орында – Іле-Алатау ұлттық паркі. Алматыға жақын орналасқан бұл аумақты 507 541 турист аралаған. Таулы ландшафттарымен, бай флорасы мен фаунасымен танымал парк экологиялық туризм бойынша ең сұранысқа ие орындардың бірі саналады.

Фото: «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы

Үздік үштікті «Көлсай көлдері» ұлттық паркі түйіндейді. Алматы облысындағы бұл табиғи нысанға 350 мыңнан астам адам барған. Көлсай мен Қайыңды көлдері – парктің басты табиғи нышандары.

Фото: «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы

Сондай-ақ, туристер арасында Шарын шатқалы орналасқан ұлттық парк пен Баянауыл ұлттық паркі де кең танымал. Шарын фототуризм мен этноэкспедицияларға қызығушылар үшін тартымды болса, Павлодар облысындағы Баянауыл Қазақстандағы алғашқы ұлттық парк ретінде жұмсақ климаты, таулы табиғаты және әсем көлдерімен ерекшеленеді.

Фото: «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы

Айта кетейік, Жетісу облысында туризмді дамыту басқармасы құрылады.