Жыл басынан бюджеттің шығыстары қаншалықты орындалды

Коллаж: Kazinform/Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне 1,8 трлн теңге бағытталды. Бұл туралы Үкімет отырысында 3 айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын талқылау кезінде Қаржы министрі Мәди Такиев мәлім етті.

- Мемлекеттік бюджеттің шығыстары – 94,3%-ға, республикалық бюджет шығыстары – 95%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары – 96%-ға атқарылды. Негізгі басымдықтар сақтала отырып, толық көлемде бюджеттің шығыстары келесі салаларға бағытталды: мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне – 1,8 трлн теңге, ал өңірлерге бағытталған трансферт 1,3 трлн теңгені құрады. Негізгі басымдық - ол қаражатты қарапайым игеру процесінен, нақты нәтижелерді қаржыландыру процесіне көшу, - деді М.Такиев.

Сонымен қатар, мемлекеттік қаржының ұзақ мерзімді тиімділігін арттыратын жүйелі шешімдерін іске асыру жалғасып келеді.

- Біріншіден, тоғыз өткізу пунктін жаңғырту кедендік төлемдердің өсуіне тікелей әсер етті. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 922 млрд теңгеге жетіп, 65 млрд теңгеге өсті. Сондай-ақ салыстырмалы түрде өткізу қабілеті шамамен 400 мың автокөлік құралына жетіп, 18 пайызға өсті. Жаңартылған «Қапланбек», «Б. Қоныспаев» өткізу пункттеріндегі жеке тұлғалардың саны 53%-ға өсіп, 2,4 млн-ға жетті. Екіншіден, әлеуметтік саладағы бюджет шығыстарын бақылауды цифрландыру аясында Денсаулық сақтау саласында, Қазынашылық жүйемен интеграцияланған Qalqan бірыңғай қаржыландыру порталы іске қосылды. Бүгінде бұл жүйеге 1 600-ден астам медициналық ұйым қосылған. Бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі шығыстардың орындалуының жаңа деңгейін қамтамасыз етеді, - деді министр.

Бұл саладағы («МӘМС 2.0») реформаны іске асырудан күтілетін экономикалық тиімділік 255,2 млрд теңгені құрайтын болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, күрделі сыртқы экономикалық ахуалға қарамастан шикізаттық емес сектор бәсекеге қабілеттілігін көрсетті.