Жыл басынан елде бизнес субъектілері 200 мыңға артты

Фото: Gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM – 17 мың шағын және микробизнес субъектілері үшін 7,7 млрд теңгеге айыппұл есептен шығарылды. Бұл туралы Үкімет отырысында 3 айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын талқылау кезінде Қаржы министрі Мәди Такиев мәлім етті.

Оның айтуынша, министрлік бизнесті қолдаудың басым бақылау моделінен, сервистік моделіне көшуді жалғастырып келеді. Жыл басынан бері кәсіби қауымдастықпен бірлесе отырып, салық төлеушілерде туындаған мәселелерге қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. 47 мыңнан астам салық төлеуші «Халық бухгалтері» акциясы аясында қамтылды.

- Сонымен қатар, «Жаңадан баста» бастамасы іске асырылып келеді. Оның аясында бизнес қазірдің өзінде 11 млрд теңгеге негізгі берешегін өтеді. Бұл ретте, 17 мың шағын және микробизнес субъектілері үшін 7,7 млрд теңгеге айыппұл мен өсімпұлдар есептен шығарылды. Cалық реформасы бұрын тіркеу есебінде тұрмаған, өзін-өзі жұмыспен қамтыған 348 мыңға жуық азаматтың тіркелуін қамтамасыз етті. Жалпы, жұмыспен қамтығандарды қоса алғанда, бизнес субъектілерінің саны жыл басынан бері 200 мыңға артып, 2,7 млн-ға жетті. Бұл экономикалық базаның сапалы жоғарлауының маңызды көрсеткіші, - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, күрделі сыртқы экономикалық ахуалға қарамастан шикізаттық емес сектор бәсекеге қабілеттілігін көрсетті.