Жыл басынан Қытайда жұмыссыздық деңгейі 5,2% құраған

Фото: Синьхуа

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қытай қалаларындағы жұмыссыздық деңгейі 5,2% болды, деп жазады Синьхуа.

2025 жылдың алғашқы алты айында Қытайдың еңбек нарығы жалпы алғанда тұрақты күйде сақталды. Елдің қалалары мен қала типіндегі елді мекендеріндегі зерттеу нәтижелері бойынша жұмыссыздықтың орташа деңгейі 5,2 пайызды құрады. Бұл — жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 0,1 пайыздық пунктке төмен. Бұл туралы сейсенбі күні жарияланған ресми деректерде айтылған.

Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік статистика басқармасының (МСБ) мәліметіне сәйкес, 2025 жылғы маусымда елдегі қалалар мен қала типіндегі елді мекендердегі жұмыссыздық деңгейі 5 пайыз болды.

Маусым айының соңындағы жағдай бойынша елдегі ауылдан қалаға қоныс аударған (мигрант) шаруалар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,7 пайызға өсіп, 191,39 миллион адамға жетті.

— Қалалар мен қала типіндегі елді мекендерде жүргізілген сауалнамаларға сәйкес, биылғы ай сайынғы жұмыссыздық деңгейі 5 пен 5,4 пайыз аралығында ауытқып, салыстырмалы түрде тұрақты күйде қалды, — деді Мемлекеттік статистика басқармасы басшысының орынбасары Шэн Лайюнь баспасөз мәслихатында.

Қытай 2025 жылға арналған мақсатты көрсеткіштерге сәйкес, қалалар мен қала типіндегі елді мекендердегі жұмыссыздық деңгейін шамамен 5,5 пайыз көлемінде ұстап тұруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, бұл санаттағы елді мекендерде 12 миллионнан астам жаңа жұмыс орны құрылуы тиіс.

Сейсенбі күні жарияланған деректерге сәйкес, Қытайдың жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында жылдық есеппен 5,3 пайызға өскен.

Осыған дейін Қытайда ең ірі айналмалы электр жеткізу желісі салынғаны хабарланды.