Жыл басынан мемлекеттік шекараны заңсыз өтуге әрекеттенген 50 шетелдік ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылдың 4 айында 182,2 мың шетелдік елімізде уақытша тұруға рұқсат алды. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жауабында айтылған.
«Уәкілетті мемлекеттік органдар елде көші-қон бақылауын қамтамасыз ету мақсатында қажетті шараларды атқарып жатыр. 2024 жылдың 4 айында Қазақстанға 4,2 млн шетелдік келді, 4,0 млн шетелдік кетті», - деді вице-премьер.
Үкімет басшысы орынбасарының жауабына берілген анықтамаға сәйкес, елімізге келген шетелдіктердің ішінде Өзбекстан азаматтары басым – 1,7 млн адам (1,5 млн адам кетті). Одан кейін Қырғызстаннан 959,3 мың адам (950,6 мың адам кетті), Ресейден 794,8 мың адам (801,8 мың адам кетті), Тәжікстаннан 324,5 мың адам (316,8 мың адам кетті) келді.
«Жыл басынан бері уақытша тұруға 182,2 мың рұқсат, оның ішінде еңбек қызметін жүзеге асыруға 160,1 мың рұқсат берілді. Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелерінде Қазақстан Республикасының (Байқоңыр қ.) жалға алынған аумақтарында тұратын немесе жұмыс істейтін көшіп келушілерді есепке алу шетел азаматы сол аумақтан тыс жерге кеткен кезде жүзеге асырылады. Заңсыз келген шетелдіктерді анықтау мақсатында ішкі істер органдары тұрақты негізде жүру маршруттарында және олардың уақытша тұратын жерлерінде тексеру өткізеді. Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге шекара маңындағы өңірлерде (БҚО, СҚО, Жамбыл, Түркістан Ақтөбе, Атырау және Қостанай обл.) бақылау күшейтілді», - деді Тамара Дүйсенова.
Жауапқа берілген қосымша дерекке қарағанда, мемлекеттік шекараны заңсыз өтуге әрекеттенгені үшін осы жылдың басынан бері 50 шетелдік азамат ұсталды, 24 708 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды, азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен елден 104 шетелдік азамат елден шығарылды.
«Жалпы, қазіргі таңда шетелдіктердің елге келу жағдайлары бойынша айтарлықтай өсім байқалмайды», - деді ол.