Жыл сайын жатыр мойны обырынан 600-ге жуық әйел көз жұмады

АСТАНА. KAZINFORM – Елде жыл сайын жатыр мойны обырынан шамамен 600 әйел қайтыс болады. Бұл дерт әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар құрылымында екінші орында тұр.

Фото: Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы

Бұл туралы Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.

Оның айтуынша, жатыр мойны обырының негізгі себебі – адам папилломасы вирусы (АПВ).

– Адам папилломасы вирусына қарсы вакцинацияның басты мақсаты – жатыр мойны обырының алдын алу. АПВ инфекциясы осы аурудың негізгі себебі саналады. Қазақстанда жатыр мойны обыры әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар құрылымында екінші орында тұр. Жыл сайын бұл дерттен шамамен 600 әйел көз жұмады, – деді Айгүл Шағалтаева.

Спикердің сөзінше, елімізде қолданылып жүрген АҚШ-та өндірілген төрт валентті «Гардасил» вакцинасы адам папилломасы вирусының 6, 11, 16 және 18 типтерінен қорғайды. Оның ішінде 16 және 18 типтері жатыр мойны обырының даму қаупі жоғары вирустардың қатарына жатады.

Айгүл Шағалтаеваның айтуынша, вакцина құрамында тірі вирус болмайды. Сондықтан ол ауру жұқтырмайды. Екпе салынғаннан кейін ине егілген жердің қызаруы немесе дене қызуының аздап көтерілуі сияқты қысқа мерзімді реакциялар болуы мүмкін. Мамандар мұны қалыпты иммундық жауап деп бағалайды.

Сондай-ақ халықаралық ғылыми зерттеулер АПВ-ға қарсы вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдеген.

Еске салайық, бұған дейін елімізде өкпе обырын ерте анықтауға арналған жаңа скрининг бағдарламасы іске қосылатыны хабарланған болатын.