«Соңғы жылдардағы оқиғалар жаһандық және аймақтық экономикаға орасан зор әсерін тигізді. Күрделі сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан экономикасы сыртқы жағдайларға бейімделді және тұрақты өсу жолында. Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 4,9%-ті құрады. Негізгі салалар бойынша оң динамика қалыптасып отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 12,6%-ке ұлғайып, 13,3 трлн теңгені құрады», - деді ол.
Премьер-Министр инфляция 10,8%-ке дейін баяулауына Үкімет пен Ұлттық банктің іс-шаралары ықпал еткенін атап өтті.
«Бизнестің мәселелері Үкіметте «Атамекен» палатасымен бірлесе тұрақты түрде қаралып келеді. Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 36,4%-ке дейін ұлғайды. Осы секторда жұмыспен қамтылғандар саны биыл 14%-ке өсіп 4,3 млн адамды құрады. Бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі іс-шаралар қабылдануда. Мәселен, бизнеске қойылатын артық талаптарды қысқарту үшін жаңа реттеуші саясат іске асырылуда. Қазірдің өзінде 9 мың артық талап қысқартылды. Жыл соңына дейін тағы 1 мыңын қысқартамыз», - деді Үкімет басшысы.