«Жыл волонтеры» халықаралық сыйлығына онлайн-дауыс беру басталды

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы 6–15 қазан аралығында Qazvolunteer.kz бірыңғай онлайн-платформасында «Жыл волонтеры» халықаралық сыйлығының алғашқы кезеңі — онлайн-дауыс беру өтеді, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, техникалық іріктеу қорытындысы бойынша байқауға 174 үміткер қатысып жатыр. 

— Аталған сыйлық Мемлекет басшысының бастамасымен тағайындалып, волонтер мәдениетін дамытуға, азаматтық жауапкершілік алып, әлеуметтік және қоғамдық маңызды мәселелерді шешуге зор үлес қосқан волонтерлерді ынталандыру және қолдауға бағытталған. Бес жыл ішінде Премияны Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден 247 волонтер жеңіп алды. 2025 жылы сыйлық 15 номинация бойынша табысталады, — делінген хабарламада.

Олар кең волонтерлік қызмет ауқымын қамтиды. Оның ішінде әлеуметтік жобалар мен білім беру, жануарларды қорғау және экологиялық шараларға дейінгі бастамалар бар.

Әрбір қазақстандық дауыс беруге қатысып, қоғамды дамыту үшін күн сайын азаматтық ұстанымынан таймай еңбек етіп жүрген волонтерлерге қолдау көрсете алады. «Жыл волонтёры» халықаралық сыйлығы Қазақстанда ғана емес, шекарадан тыс жерлерде де үздік тәжірибелер мен волонтерлік қозғалыс көшбасшыларын дәріптейтін маңызды платформаға айналып келеді.

Айта кетейік, «Жыл волонтері» Халықаралық сыйлығын алуға бірінші кезеңге дейін (онлайн дауыс беру) жіберілген үміткерлердің тізімін (2025) көру үшін сілтеме арқылы өту керек.

Бұдан бұрын СҚО-да волонтерлер суицидтік мінез-құлықты анықтауға үйренгенін жазған едік.