Жылан жылы жайлы бола ма

Фото: Фото: pixabay

Көпшілікке шығыс дүниетанымындағы жыл санаудың 12 жылдық циклі бар екені жақсы таныс. Әр жыл жануар атымен аталып, өзіндік мінез бен қасиетке ие болып есептеледі. Жыл қайыру бойынша, 2025 жыл – жылан жылына тұспа-тұс келіп тұр.

Ежелден «жылан жылы – жайлы» деп айтылады. Дегенмен ол күрделілігімен, жұмбағымен және өзгерістерге толы кезеңдерімен танымал. Осыны ескеріп Kazinform тілшісі ҚР Ұлттық музейінің аға ғылыми қызметкері, этнограф Батырхан Жұмабаймен сөйлесіп, келіп жеткен жылды тұспалдап көрді.

Фото: этнограф Батырхан Жұмабайдың жеке мұрағатынан

 

– Жыл санау циклі бойынша 2025 – жылан жылына келіп отыр. Тарихи оқиғаларды қарайтын болсақ, жылан жылында көптеген өзгерістер болғанын аңғарамыз. Небір қиыншылықтар, соғыстар, саяси өзгерістерді қоса алғанда, дүние тарихына оң өзгеріс алып келген оқиғаларын тізбектеуге болады. Ал халқымыз жылан жылын ежелден қалай жорыған?

– Шығыс күнтізбесі және қазақы жыл қайыру бойынша жылан жылына жетіп отырмыз. Тарихқа аз ғана көз салсақ, ХХ ғасырда келген жылан жылдары түрлі оқиғалар болған: 1905, 1917, 1929, 1941, 1953, 1965, 1977, 1989. Осы сандардың әрқайсысы белгілі бір кезеңдерді еске түсіре алады.

Бірақ қазақ халқы үшін жылан жылы қашан да жайлы жыл деп айтылады. Мысалы, қазақтың аңыз-әңгімелерінде «жылан жылы жылыс болды, жылқы жылы ұрыс болды, қой жылы зеңгер тоғыс болды» деген сөздер бар. Сондықтан тек жақсылыққа жоруға тура келеді.

– Естуіміз бойынша, жылан жылы деп жалпылама атау бергенімізбен, оның өзі «отты жылан», «су жыланы» деп бөлінеді екен. Әрқайсысының өзіне тән мінез-құлқы, соған сай жылдың өтуі бар іспетті. Осы жөнінде не айтар едіңіз?

– Бұл айтып отырғаныңыз көбіне қытайлықтардың жылнамасында кездеседі. Ал қазақы жыл қайыруда мұндай дүние жоқ. Бізде жылан жылы неліктен жақсыға баланады? Себебі өз еңбегін адал атқарған, нәпақысын тапқан жанға бұл жыл берекелі, табысты жыл болатыны тұспалданады. Сонымен қатар жылан жылы туған адамдар белгілі ғалым, ғұлама, данышпан атанады деп үміттенген. Бір мысал ретінде Абай Құнанбайұлының 1845 жылы, яғни, жылан жылында дүниеге келгенін айтамыз.

Әрқашанда барлық нәрсені жақсыға болжау бізге тән үрдіс. Халықтың сенімінде жылан ешқандай зиян келтірмейтінін, оған тиіспеген абзал екенін алға тартатын әңгімелер жетерлік. Тіпті, «үйге кірген жыланның басына ақ құйып шығарып жібер» деген сөзді бәріміз білеміз.

Әрине, дін тарихында Адам ата мен Хауа ананың жұмақтан қуылуы жайлы тұста жылан жағымсыз сипатқа ие. Адамзат өткеніне қатысты аңыздарда кездесіп тұратыны жасырын емес. Ал қазақ халқында жыланды киелі санамайды, бірақ құрметпен қарайды.

Мәселен, түс жору бойынша, адам түсінде оратылған жылан көрсе – ғашық болу, биікке өрмелеп бара жатқан жылан көрсе – жақсы жаңалық немесе мансабы өсу, ал шағып алса – дұшпаны көбею деп жорамалдайды.

– Жалпы шығыс дүниетанымына тән саналатын жыл санаудың тарихы қайдан бастау алады? Неліктен санақты жануарлармен байланыстырған?

– Шығыс жылнамасында жыл атауларын жануарларға телуді біз сонау Түркі кезеңінде басталған танымға жатқызамыз. Негізі менің ойымша, оның басталу уақыты одан әріде – Энеолит кезеңінен, яғни, түрлі жануарларды қолға үйрете бастағаннан деп санаймын. Кейіннен, ерте темір дәуірінде қытай жеріне таралған болуы мүмкін.

Ертеден жамандықтан сақтайды деп жыланның басынан бойтұмар тағу, әйелдер жағы «Жыланбас», «Жыланбауыр» деп ою, шаш өрімін жасау ісі болған. Бұдан бөлек, халқымыздың нанымына сенсек, жылан жылы сабырлы болу керек деп айтылады.

Ал мифолог-ғалым Серікбол Қондыбай қазақ халқындағы жыланға байланысты түрлі мифтерді түркі кезеңімен байланыстырады. Қазақтар, жалпы түркі дәстүріндегі «жылан мифологиясының» болғанын дәлелдеу, айғақтар келтіру барысында кем дегенде кейінгі 6-8 мың жыл ішіндегі арғықазақтардың (дей-түркілердің) қай жерлерде мекендеп, кімдермен көршілес болғанын, яғни, қай жақтан шыққандығын анықтай алатынымызды жазған.

– Әңгімеңізге рақмет!

***

Бұған дейін Жылан жылын қалай қарсы алу керек, үйді қалай безендірген жөн, не кию қажет, дастархан мәзірі қандай болғаны абзал деген тақырыпта материал жариялаған болатынбыз.