Токиодағы WTA 500 турнирінің екінші айналымында Юлия Путинцеваны жеңгеннен кейін Елена маусым соңына дейін ең басты қарсыластарына жеткізбейтін болды.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Рыбакина — жыл қорытындысы бойынша әйелдер арасындағы жекелей рейтингте көш бастайтын Азия елінің тұңғыш өкілі.
Осылайша, оның жетістігі Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Азия теннисі үшін тарихи оқиғаға айналды.
Елена маусымды әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтайтынына қатысты әсерімен бөлісіп, жанкүйерлеріне қолдауы үшін алғыс айтты.
- Жылды әлемдік рейтингтің бірінші сатысында аяқтайтыныма өте бақыттымын. Осыған орай жыл бойы маған қолдау көрсеткен баршаңызға рақмет. Келесі жылы да осындай жоғары деңгейде өнер көрсетуді жалғастыра аламын деп үміттенемін, — деді Рыбакина.
Маусымды бірінші орында аяқтау — әлемдік рейтингтің барлық көшбасшысына бірдей бұйырмаған жетістік. Жапониялық Наоми Осака WTA рейтингінде көш бастағанымен, жыл қорытындысы бойынша бірде-бір рет әлемнің бірінші ракеткасы атанбаған. Ресей атынан өнер көрсеткен Мария Шарапова мен Динара Сафина да мұндай нәтижеге қол жеткізбеген.
Алдағы жарыстардағы өзінің де, ең жақын қарсыластарының да нәтижелеріне қарамастан, Рыбакина жыл соңына дейін әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесін сақтап қалады. Қазіргі таңда WTA Live рейтингісінде қазақстандық теннисшінің есебінде 9 501 ұпай бар. Ал екінші орында тұрған Арина Соболенконың еншісінде 7 550 ұпай. Осылайша, Еленаның басымдығы – 1 951 ұпай.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Токио турнирінде Путинцеваны жеңген Рыбакинаның ширек финалға шыққанын жазған едік.