Жылдық инфляция төмендеді – Ұлттық банк

Фото: Азертадж

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкіметтің әкімшілік шаралары қараша айында жылдық инфляцияның төмендеуіне әсер еткенін айтты. 

- Қараша айында жылдық инфляция төмендеп, 12,4 пайыз деңгейінде қалыптасты. Инфляция құрылымында азық-түлік тауарлары негізгі үлесті алып отыр. Олардың жылдық өсімі 13,4 пайыз болды.

Азық-түлікке жатпайтын тауарларының инфляциясы қарашада 11,2 пайыз, ақылы қызметтердің инфляциясы 12,3 пайыз деңгейінде қалыптасты, - деді ол Үкімет отырысында.

Тимур Сүлейменов аталған оң динамиканың негізгі себебін де айтты.

- Қазан-қараша айларында жылдық инфляцияның баяулауына Үкіметтің тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің тарифтерін төмендетуі әсер етті. Сонымен қатар тарифтерді көтерумен жанар-жағармай нарығын ырықтандыру инфляция мен инфляциялық күтулерге жанама әсерін тигізіп отыр. Жоғары баға қысымының сақталуы тұрақты ішкі сұраныс, фискалдық ынталандыру және жоғары инфляциялық күтулерге байланысты. Қарашада айлық инфляция 0,8 пайыз болды. бұл тарихи орташа мәндерден төмен, - деді Ұлттық банк басшысы.

Айта кетейік, бүгін Үкіметте 11 айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралып жатыр.