Жылдың қорытынды турнирінен кейін Елена Рыбакинаның рейтингідегі орны анықталды

Фото: Фото: ktf.kz

Мексиканың Канкун қаласында өткен WTA қорытынды турнирден кейін Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингідегі орны анықталды, деп хабарлайды Kazinform. 

WTA қорытынды додасында Польша өкілі Ига Швентек финалда америкалық Джессика Пегуланы 6:1, 6:0 есебімен ойсырата ұтып, дүниежүзілік рейтингіде қайтадан көш бастады.

Осылайша, И.Швентек биыл да жылды әлемнің 1-ракеткасы ретінде түйіндейтін болады. Беларусь спортшысы Арина Соболенко екінші орынға ығысса, америкалық Кори Гауфф үздік үштікте, қазақстандық Елена Рыбакина төртінші сатыда қалды.

WTA қорытынды сайысында Е.Рыбакина өз тобында үшінші орынға ие болып, жартылай финалға шыға алмаған еді.

Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева рейтингіде 70-тен 69-ға көтерілді.

Жұптық сында америкалық Сторм Хантер, бельгиялық Элизе Мертенс, Д.Пегула алда келеді.

Қазақстанның жұптық сындағы көшбасшысы Анна Данилина 57-ден 56-ға шықса, Е.Рыбакина 118-ден 119-ға төмендеді.

Өткен аптада Тунистегі жарыстың жеңімпазы атанған Жібек Құламбаева 160-тан 151-ге жоғарылады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан теннисші қыздарының әлем чемпионатын жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.