Жылыой ауданы әкімдігі алдында бірнеше күн тұрған құлсарылық тұрғындар тарады

Фото: Фото: Жылыой ауданының әкімдігі

АТЫРАУ. KAZINFORM – Жылыой ауданы әкімдігінің алдында бірнеше күн тұрған құлсарылық тұрғындар тарады.

Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметінше, Құлсары қаласының тұрғындары су басқан тұрғын үй үшін берілетін өтемақыға байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қараған.

«Алда өте маңызды жұмыс тұр. Бұл – тасқын судың зардабын қалпына келтіру. Бейбіт жиналысқа қатысушылардың шатырлары жиналды. Барлық қоғамдық орын қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Мобильді топтар зардап шеккен тұрғындарға залалды бағалау нәтижесімен таныстыруды жалғастыруда. Тұрғындарға №20 мектепте және 109 байланыс орталығы арқылы үздіксіз консультативтік кеңес беріліп отыр», - деп хабарлады аудандық әкімдіктен.

Тасқын судан зардап шеккен тұрғындар Жылыой аудандық әкімдігі алдындағы алаңға 15 мамырда жиналған еді. Қазір әкімдік ғимаратының алдындағы алаң жиналып тұрған тұрғындар жоқ.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын тасқын су басқан Құлсарының тұрғындары аудандық әкімдік алдына жиналғанын хабарлаған едік.