Шетелдік меймандар елімізге алғаш келіпті. Олар Қазақстанда бір аптадай болуды жоспарлап отыр.
«Қазақстанға алғаш келіп отырмыз, алдымен көзге түскені халық – қонақжай. Бүгін келдік, әлі ойындарды тамашалап үлгермедік, Қазақстан туралы көбірек білгіміз келеді. Менің жеке сайтым бар, көшпенділер ойындарының фотоларын сол жерде жариялайтын боламын», - деді Джонна Элизавет Райтер.
Еуропалық қонақтарға көшпенділер ойындарындағы атмосфера ұнап жатыр, әсіресе музыка. Сондай-ақ, әзірге қазақтың ұлттық тағамдарының дәмін татпағанын айтты.
«Жылқы етін жеп көргіміз келеді, себебі біздің елде жылқы етінен жасалатын тағам жоқ», - дейді ол.
Одан бөлек, Нидерландтан жеткен меймандар көкпар, көкбөрі және садақ ату ойындарын тамашалайтынын айтты.
Еске сала кетсек, Астана өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушы елдер 10 спорт түрінен сынға түсті.
Айта кетейік, 9 қыркүйектің қорытындысы бойынша Қазақстан медальдар кестесінде көш бастады. Кеше біздің спортшылар қоржынға 14 алтын, 3 күміс және 8 қола медаль салды.