Жылқы іздеуге шығып, далада түнеген екі атыраулық аман табылды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Махамбет ауданында тұратын ер мен әйел бір күн бұрын мал іздеуге шығып, қайта оралмаған. Құтқарушылар жоғалған екі адамды бүгін тапты. 

Фото: Видеодан кадр

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының ақпаратына қарағанда, екі адам 24 наурызда «Нива» көлігімен жылқы іздеуге шыққан. 
Алайда, кері оралмай, хабар-ошарсыз кеткен. Бұл туралы туыстары хабар берген.

«25 наурызда сағат 08:20-да Махамбет ауданындағы №11 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары 1977 жылғы азамат пен 1983 жылы туған әйелді іздестіру жұмысын бастады. Құтқарушылар Махамбет ауылынан 9 шақырым қашықтықтағы «Сейтек» шайханасына қарай далалық аумақтан іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді. Алайда, аталған маңнан жоғалған екі адам табылған жоқ. Жоғалғандарды іздестіру одан әрі жалғастырылып, Құтқарушылар қырға қарай іздестіру-құтқару жұмыстары 46 шақырым қашықтағы «Әбен қыстағы» учаскесіне дейін жалғасты. Дәл осы қыстақтың маңында батпаққа батқан «Нива» көлігі мен ер мен әйел табылды. Олардың жағдайы қалыпты, медициналық көмекті қажет етпеді», - деп хабарлады қоғаммен байланыс тобы.

Жылқы іздеуге шығып, далада түнеген екі адамды іздестіру жұмысына №11 өрт сөндіру бөлімінен 4 қызметкері, 1 техника тартылды. Төтеншеліктерге Махамбет аудандық полиция бөлімінің 5 қызметкері 2 техникамен, ауыл тұрғындарынан 3 адам көмек берген.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын мотоциклден құлаған ақтөбелік Атырау облысының құтқарушыларынан көмек сұрағанын жазған болатынбыз.