Жылу алдымен әлеуметтік нысандарға — балабақшаларға, мектептерге және медициналық мекемелерге беріледі. Одан кейін тұрғын үй кешендері қосылады. Дегенмен, тұтас үйге жылу қосылса да, кей пәтерлерде батареялар істемей, жылымай қалатын кездер болады. “Алматы жылу жүйесі” ЖШС өкілдері мұндай кезде қайда жүгіну қажет екенін түсіндірді.
Кәсіпорын мамандарының айтуынша, жылыту маусымы басталған кезде жылу жеткізгішті баланстық ажырату шекарасына дейін, яғни көппәтерлі үйдің немесе басқа нысанның торабына дейін жеткізеді. Әрі қарай оны пәтерлерге жіберуге басқарушы ұйым - мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ), пәтер иелерінің кооперативі (ПИК) не өзге ұйым жауапты.
- Егер пәтер ішінде жылу болмаса, батареялар нашар жылытса немесе жартылай жылы болса ПИК-не, МИБ-не немесе сервис компаниясына жүгіну қажет. Басқарушы ұйымның мамандары жылыту жүйесінен ауаны шығаруы, жылу пунктінің жұмысын ретке келтіруі, барлық үй-жайлардың біркелкі жылытылуын қамтамасыз етуі тиіс. Үйішілік жылыту жүйесінің жұмысы көппәтерлі тұрғын үйді басқару органының (ПИК/МИБ) немесе қызмет көрсетуші ұйымның жауапкершілік аймағына жатады, - деп түсіндірді “Алматы жылу жүйесінен”.
Еске салайық, Қазақстанда жылу беру маусымы 11 өңірде басталды. Қалған облыстарда жылыту жүйелері ауа райына байланысты қазан айы ішінде кезең-кезеңімен іске қосылады.
Сондай-ақ Алматыда 9 қазаннан бастап қалада орталық жылу жүйесіне қосу жұмыстары басталады. Ал тұрғын үйлерді орталық жылуға қосуды 10 қазаннан бастау жоспарланған.