Жылумен қамту жаңа заңмен реттеледі – Еділ Жаңбыршин

Фото: Фото: Мәжіліс

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Парламенті Мәжілісінде алғаш рет жылуэнергетика туралы жаңа заң жобасы қабылданады. Осы орайда аталған заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннен сұхбат алдық.

— Еділ Терекбайұлы, тұрғындарды жылумен қамту үшін жаңа заң шығару қаншалықты қажет болды. Оны қолданыстағы заңнамамен реттеуге болмай ма? 

— Жаңа заң қабылдаудың бірнеше себебі болып отыр. Біріншіден Қазақстанның көп бөлігінде күз және қыс мезгілдерінде температура нөлден төмен, кейбір аймақтарда қыс кезінде температура минус 40 градусқа дейін барады. Сондықтан мемлекет үшін энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан тұрғындарды сенімді және сапалы жылумен қамту өте маңызды мәселелердің бірі.

Екіншіден, көбіне энергетикадағы акцент электр энергиясына қойылды. Жылуэнергетика басым бағыт есебінде қаралмады. Оған қатысты нормалар электроэнергетика заңының ішінде қаралып, мемлекет тарапынан реттеу толық қамтамасыз етілмеді. Тіпті жылу энергиясы электроэнергетика секторының бір бөлігі ретінде қаралды. Жылуэнергетика «өгей баланың» күнін кешті.

Үшіншіден, жылумен қамтуға қатысты компетенциялар бірнеше министрліктер мен әкімдіктерде жүр. Мемлекет басқару жағынан жүйелілік болған жоқ.

Төртіншіден, жылумен жабдықтау субъектілерінің арасындағы құқықтық қарым-қатынас нақты анықталмаған, нақтылап айтсақ жылумен жабдықтаушы мен жылу тұтынушының жауапкершіліктері мен міндеттері заң жүзінде толыққанды айқындалмаған.

Бесінші, жылуэнергетиканы мемлекет тарапынан қадағалау мен бақылау кенже қалып қойған.

Жылуэнергетикадағы осындай мәселелер еліміздегі жылу желілерінің, жылу электр орталықтары (ЖЭО) мен аудандық қазандықтардың әбден тозуына әкелді. Мысалы еліміздің 13 мың км жылу желілерінің 53% тозған, ал Екібастұз қаласының желісі 91%, Павлодар қаласының желісі 83%, Ақтау қаласының желісі 71% тозған. Арқалық ЖЭО тозуы 90%, Оралдағы «Жайықжылуэнерго» АҚ 87,5%, Балқаш ЖЭО және МАЭК 80%. Жалпы, Қазақстандағы ЖЭО орташа тозуы 66% жетіп отыр. Екібастұз бен Риддер қалаларындағы апаттар, Теміртау, Кентау, Ақтау және басқа қалаларда тұрғындарды жылумен жабдықтаудағы қиындықтар — жылуэнергетиканы бөлек сала ретінде қаралу қажет екенін көрсетті.

Осы мәселелерді ескере келіп, Үкімет «Жылуэнергетика» туралы заң жобасын және оған екі ілеспе заңдардың жобасын әзірледі.

— «Жылуэнергетика» туралы заң жобасының негізгі новеллаларына тоқталсақ. Қандай тың нормалар бар? Басты ерекшеліктеріне тоқталсаңыз.

— Мәжіліске келген негізгі заң жобасы 42 бапты қамтитын 14 тараудан құралған. Тарауларды атап айтсақ жылуэнергетикадағы: мемлекеттік реттеу, жоспарлау және мониторинг, тарифті белгілеу; жылумен жабдықтау жүйесі; жылумен жабдықтау субъектілері мен тұтынушылар және олардың арасындағы келісімшарттар; жылумен жабдықтауға қажет отын; техникалық және технологиялық нормалар; жылумен жабдықтаудағы сенімділік пен қауіпсіздік; инвестиция; апаттық және төтенше жағдайлар жарияланғандағы жылумен жабдықтау және басқалар. «Жылуэнергетика» заңына қатысты үш заң жобасына біраз өзгерістер енгізілді. Депутаттар тарапынан Үкімет жобасын талқылау кезінде 570 аса норма қаралып, сараланды.

Мысалы, «Жылуэнергетика» заң жобасының терминдері мен анықтамалары өзгертіліп және жаңа ұсыныстармен толықтырылды. Себебі заңда дефиницияның дұрыс және нақты болуы құқық және заң ғылымы үшін маңызы зор. Бір жағынан, олар заң шығарушының барлық шешімін түсіну мен орындауда бірлікті қамтамасыз ететін, заңнаманың сапасын арттырып, құқықтық жүйенің концептуалды аппаратын қалыптастыратын тікелей реттеуші рөл атқарады. Бір мысал келтірейін заң жобасында «орталық», «локалды» және «жеке» жылу жүйесі деген терминдер берілген. Біз «локалды» жүйені «жергілікті» деп өзгерттік. Неге? Себебі «жеке» жылу жүйесін де «локалды» деп қарауға болады. Заң қолданысында бұл әртүрлі түсінікке әкелуі әбден мүмкін.

Ең бастысы, осы заң жобасына сәйкес жылуэнергетика өз алдына жаңа бөлек сала болып анықталды.

Депутаттар тарапынан өзгертілген тағы бір түсінік — мастер-жоспар деген норма болатын. Мұндай құжат біріншіден, мемлекеттік стратегиялық жоспарлау құжаттары туралы қаулыда көрсетілмеген. Екіншіден, құжаттың атауы тиісті мағына бермейді. Осы норма жұмыс тобында біраз талқыланды, құзырлы орган депутаттардың мастер-жоспарға қатысты сұрақтарына нақты жауаптар бере алмады. Мәжіліс депутаттары жылумен жабдықтауды дамыту схемасы деген түсінікті ұсынды және бұл атау заң жобасындағы осыған қатысты нормаларға толық сәйкес келді. Жалпы жергілікті жерлерде әкімдіктер жүйелі түрде жылумен жабдықтаудың стратегиялық жоспарын іске асырып отырған жоқ. Елді мекендер өсіп келеді, тіпті кейбір жағдайларда ескі аудандар реновациядан өтіп жатыр. Жылумен жабдықтауды дамыту схемасы перспективада жылумен жабдықтаудың инфрақұрылымын жүйелі және жоспарлы түрде іске асыруға мүмкіндік береді.

— Жаңа жылу саласына қатысты мемлекеттік органдардың құзыреттілігі жүйесіз екенін айтып өттіңіз. Бұл сұрақтар қалай реттелді және жаңа қандай құзыреттіліктер пайда болды?

— Қазіргі қолданыстағы заң бойынша жылуды жылу орталықтарында өндіру саясаты Энергетика министрлігінде, аудандық жылу қазандықтары мен магистралды жылу жүйелерінің инфрақұрылымын дамыту Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде, жылу тарифінің мәселесі Ұлттық экономика министрлігінде болса, ал жергілікті мемлекеттік органдардың құзыреттілігіне қазандықтардың, жылу желілерінің және тұтынушылардың жылу пайдаланатын қондырғыларының жұмысы мен техникалық жай-күйін және қазандықтарды, жылу желілерін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын дайындау және жүргізу және оларды күзгі-қысқы кезеңде пайдалануын бақылау берілген болатын.

Енді жаңа жылуэнергетика заңына сәйкес жылуды өндірудің және тасымалдаудың мемлекеттік саясаты Энергетика министрлігіне өтеді, жылуды тұтыну саясаты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде, тариф саясаты Ұлттық экономика министрлігінде қалады. Ал жергілікті мемлекеттік органдар жергілікті жердегі жылумен жабдықтауды дайындау мен бақылауды іске асырады. Мысалы, әкімдіктер жылумен жабдықтаудың дамыту схемасын жасақтайды және бекітеді, қазандықтар мен жергілікті жылумен қамту жүйелерінің жоспарлы жөндеу жұмыстарын келіседі, жылуэнергетика саласының мониторингін іске асырады, өңірді сенімді жылумен қамтамасыз ету бойынша тиісті мемлекеттік органдарға есеп береді, жергілікті жылу көздері мен жылу жүйелерінің жылыту маусымына дайындығы жөнінде дайындық паспортын береді және т. б.

Бұл өзгерістер мемлекеттік органдардың құзыреттілігін нақты айқындап, биліктің әр деңгейінде жылуэнергетика саласын жүйелі басқаруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа жылуэнергетика объектілерінің басшыларының құқығы мен міндеті белгіленді.

— Еділ Терекбайұлы, кейінгі кезде жылу электр орталықтарындағы апаттар мемлекет тарапынан бақылау мен қадағалаудың әлсірегенін көрсетіп отыр. Энергетика астанасы Екібастұз қаласының қыста қатып қалуы, Риддер қаласындағы ЖЭО істен шығуы осының нақты көрінісі екенін өзіңіз де айттыңыз. Осы жаңа заң бұл мәселелерді толық шешуге мүмкіндік бере ме?

— Шынында да кәсіпкерлікті тексеруді азайту деген желеумен мемлекет адам өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін салаларды бақылаудан шығарып алды. Әрине, кәсіпкерлікті қолдауымыз қажет, бірақ бизнесте өз жауапкершілігін тиісті деңгейде орындауға міндетті. Әсіресе, стратегиялық маңызы бар өндірістерде. Бұл салаға жылуэнергетика да жатады. Соңғы кездегі ЖЭО-ғы, қазандықтардағы және жылу желілеріндегі апаттар мемлекет тарапынан бақылаудың әлсірегенін, кәсіпорындарда инвестициялық бағдарламалардың толық орындалмай отырғанын және тарифтік саясаттағы кемшіліктерді көрсетіп отыр. Тіпті лауазымды тұлғалардың жауапкершілігінің төмендігі және кейбірінің мамандықтарының энергетикаға қатысы жоқтығы анықталып отыр.

Есіңізде болар, Астана қаласының мәселелері бойынша жиналыс өткізгенде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Елордада ЖЭО-ны заңгер, РЭК-ті бағалаушы, жылу транзитін агроном, қалалық су шаруашылығы мекемесін мал шаруашылығы маманы басқарады», — деген болатын. Энергетика бұл спецификалық сала екенін ұмытпауымыз керек. Жағдайдың ушыққаны соншалық Мемлекет басшысы энергетика саласын реттеу бойынша бірнеше рет жиналыс өткізіп, нақты міндеттер қойған болатын. Солардың бірі — жылуэнергетика саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейту.

Осы заң жобасында жылуэнергетика саласын мемлекеттік бақылау нормасы бекітілді. Осы нормаға сәйкес мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік орган және жергілікті атқарушы органдар бақылау субъектілерінің (объектілерінің) Қазақстан Республикасының жылу және энергетика саласындағы заңнамалар талаптарының орындалуын бақылау үшін осы заңға сәйкес қашықтықтан мониторинг және тексеру жүргізеді. Ал Қазақстан Кәсіпкерлік кодексіне және осы заңға сәйкес тергеуді жүзеге асырады. Мысалы, жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын уақытында атқару, оның ішінде жылу маусымына дайындық, сенімді және сапалы жылумен жабдықтау, қондырғыларды қауіпсіз игеру, персоналдың білімін тексеру және басқалар.

Бақылаушы органдар тексеруді жоспарлы және жоспардан тыс атқаратын болады. Жоспарлы тексерулердің жыл сайынғы тізбесі негізгі жабдықтың тозу дәрежесі, технологиялық бұзушылықтар саны бойынша бақылау субъектілерінің (объектілерінің) жіктелуі ескеріле отырып жасалады және бақылау және қадағалау органдарының интернет-ресурсында тексеру жүргізілетін жылдың 20 желтоқсанынан кешіктірілмей орналастырылады.

Сонымен қатар жылу өндіру және жылу тасымалдау объектілерінде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін және технологиялық төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға бағытталған өндірістік бақылау жүргізілетін болады.

Заңдағы тағы бір маңызды новелла ол — жылу өндіруші субъектілері енді өз нысанын тоқтатқысы келсе, тиісті мемлекеттік органдарға 5 жыл бұрын хабар жіберуі керек. Бұл өз кезегінде дер кезінде жаңа жылу көздерін салуға немесе ескі қондырғыларды жаңалауға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа жылумен жабдықтаудың технологиялық процесінде үзілістер болған жағдайда тұтынушылардың жылу тұтынатын қондырғылары мен жылу желілерінің жұмысында кемшіліктер болса, онда тұтынушылар шығындарды өтеуді талап ете алады.

Сайып келгенде жылуэнергетика саласында мемлекет тарапынан бақылауды күшейту мен жылумен жабдықтау субъектілері (объектілері) басшыларының жауапкершілігін арттыру механизмдері тұрғындарды сапалы және сенімді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік жасайды.

— Негізгі заңмен қатар екі ілеспе заң жобалары қаралғаны белгілі. Оның ішінде жылуэнергетика және электроэнергетика сұрақтары бойынша заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар қарастырылған. Осы заң жобасында қандай тың өзгерістер бар?

— Осы заң жобасының аясында ең резонансты норма қарастырылды. Бұл — электрмен жабдықтаушы ұйымдарды, халық арасында ЭСО деп аталып кеткен делдалдарды жою жөніндегі ұсыныс болатын. Президент Әкімшілігі де, Үкімет те қолдап, осы жылдың 1 сәуірінен реттелмейтін ЭСО-лар, ал келесі жылдың қаңтар айынан бастап реттелетін ЭСО-лар нарықтан аластатылады. Өйткені бұл делдалдар тарифтің негізсіз өсуіне себепші болып, миллиардтаған қаржы тауып, бір тиынды да еліміздің энергетика саласына инвестиция жасамаған. Енді электрмен жабдықтау қызметін іске асыратын кәсіпорындарға үшін арнайы квалификациялық талаптар қойылатын болады.

Өздеріңізге мәлім, былтыр батыс өңірлерде электроэнергетика жүйесінде, нақтырақ айтсақ МАЭК кәсіпорнында біраз апаттық жағдайлар болды. Электр тогы жағынан проблемалар болып, Маңғыстаудағы мұнай компаниялары миллиондаған доллар шығынға ұшырады. Осыған орай Маңғыстауда жаңа генерацияларды қосу өзекті болып отыр. Қазіргі таңда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Италияның Ени компаниясымен бірлесіп, Жаңаөзен қаласында гибридтік станция салмақшы және оның қуатын болашақта «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ және «Қаражанбасмұнай» АҚ бермекші, яғни өздерінің компанияларын электрмен қамтамасыз етпек. Бірақ мұндай тіке беру схемасымен жұмыс істеу қолданыстағы заңда қарастырылмаған. Осыған орай «гибридтік топ» деген жаңа норма енгіздік.

Тағы бір маңызды норма — өндірістік кәсіпорындарға бірінші кезекте елімізде өндірілетін «жасыл энергияны» сатып алу мүмкіндігін қарастырдық. Бұл өз кезегінде кәсіпорындар шығаратын тауарларға болашақта салынатын көміртек салығын азайтуға және отандық экспорттық тауарлардың әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізде 2029 жылға дейін 14 ГВт энергия қуатын салуды тапсырған болатын. Бұның бәрін «жасыл энергетикамен» қамтамсыз ету мүмкін емесе. Сондықтан дәстүрлі энергетиканы дамытуда өзекті болып қала береді. Басты мәселе қандай отын пайдаланамыз? Солтүстік өңірлерде газ тапшы, көмір жағуға тура келеді. Бірақ үлкен қуаттарды салу үшін қомақты инвестиция қажет. Көмір генерациясының инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында жаңа стратегиялық инвесторлар қажет. Осыған орай оларды анықтау жөніндегі талаптар заң жобасында қарастырылды.

Бұдан басқа энергетика саласында енді бірыңғай цифрлық платформа енгізіледі. Бұл платформа бүкіл саладағы қызметтерді талдауға және тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді, яғни елімізде энергетикалық қауіпсіздіктің одан әрі артуына мүмкіндік туғызады.

— Екінші ілеспе заң жобасы қандай сұрақтарды қамтып отыр?

— Бұл заң жобасы әкімшілік құқық бұзушылық Кодексіне өзгерістер мен толықтыруларды енгізуді көздейді.

Мысалы, жылу энергиясымен жабдықтау субъектілері (объектілері) басшылары мен лауазымды тұлғалар жылу маусымына дайындық кезінде кемшіліктер жіберсе, энергонысандардың тиісті ережелерге сәйкес жұмысын қамтамасыз етпесе және отынның нормативтік қорын жасақтамаса, жауапкершіліктер қарастырылған. Одан бөлек жылу желілеріне заңсыз қосылған тұлғаларға да қатысты айыппұлдар қарастырылған.

Жалпы, жаңа қабылданатын «Жылуэнергетика» заңы мен оған ілеспе заңдар жылу мен электр энергиясы саласындағы қоғамдық қатынастарды жаңа бір деңгейге көтеруге мүмкіндік береді және жылуэнергетика саласын жүйелі түрде дамытуға ықпал етеді.