ЖИ маманы тек IT-мен шектелмейді: жаңа буын кадрлары қалай дайындалады

АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект еңбек нарығына жаңа мамандықтарды ғана емес, бұрыннан бар кәсіптердің өзіне қойылатын талаптарды да өзгертіп жатыр. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында Qazaq AI Research University ректорының кеңесшісі Айдын Сәбитов айтты.

Фото: видеодан алынған скрин

PwC зерттеуіне сәйкес, биыл ЖИ дағдыларын талап ететін вакансиялар саны 69 пайызға артқан. Зерттеу әлемнің 27 еліндегі бір миллиардтан астам жұмыс туралы хабарландыруды қамтыған. Ал ЖИ ықпалы жоғары кәсіптерде жұмыс берушілер талап ететін дағдылар басқа мамандықтарға қарағанда екі есе жылдам өзгеріп жатыр.

Бұл үрдіс Қазақстандағы жоғары білімге де жаңа талап қойып отыр. Енді мәселе тек «ЖИ маманын қалай даярлаймыз?» деген сұрақта емес. ЖИ-ді медицинада, бизнесте, өндірісте немесе мемлекеттік басқаруда қолдана алатын маманды қалай дайындаймыз?

Qazaq AI Research University осы сұраққа AI X моделі арқылы жауап беруді көздейді. Студент жасанды интеллект технологияларын меңгеріп қана қоймай, оны өзі таңдаған саламен ұштастырады. Университеттің ресми мәліметінше, мұнда AI & Machine Learning, Physical AI, AI X және Business Analytics & AI секілді бағдарламалар қарастырылған.

Qazaq AI Research University ректорының кеңесшісі Айдын Сәбитовтің айтуынша, университеттің негізгі айырмашылығы — ЖИ-ді жеке пән ретінде емес, барлық білім беру жүйесінің өзегі ретінде қарастыру.

— Елімізде IT мамандарын даярлайтын университеттер көп. Олар үлкен жұмыс істеп, мықты мамандарды қалыптастырды. Бірақ қазір заман өзгерді. Жасанды интеллект өте жылдам дамып жатыр. Сондықтан мақсат — IT шешімдерге интеллект қосатын мамандарды даярлау, — деді Айдын Сәбитов.

Оның айтуынша, студенттің оқу жолы да бір үлгімен шектелмейді. Университетте AI-тютор жүйесі арқылы әр студенттің қабілеті мен кәсіби мақсаты ескеріліп, жеке білім алу және мансаптық траекториясы қалыптастырылады.

Мысалы, мемлекеттік секторға барғысы келетін студент бір бағыт бойынша білімін дамытса, бизнес немесе өндірісті таңдаған студентке басқа дағдылар ұсынылады.

— Студент оқуға түскен кезде оның қандай бағытта жұмыс істегісі келетінін анықтап, жеке мансаптық траекториясын қалыптастырамыз. Білім алып жатқан кезде AI-тютор оған нені дамыту керегін бағыттап отырады, — деді ол.

ЖИ маманы мен IT маманының айырмашылығы неде?

Жасанды интеллект туралы сөз болғанда IT мен AI мамандарының міндеттері жиі шатастырылады. Алайда олардың жұмысы бірдей емес.

— IT маманы бағдарлама мен сервистер жасайды. Ал ЖИ маманы сол бағдарламаның сараптау қабілетін күшейтіп, оған интеллект қосады. Үлкен көлемдегі ақпаратпен жұмыс істеу, деректерді талдау, тәуекелдерді анықтау — осы бағыттағы мамандардың міндеті, — деді Айдын Сәбитов.

Мұндай дағдының қолданылу аясы да кең. Мәселен медицинада жасанды интеллект үлкен көлемдегі медициналық деректерді талдауға мүмкіндік берсе, тау-кен саласында пайдалы қазбаларды анықтау мен өндіріс тиімділігін арттыруға қолданылуы мүмкін.

Сондықтан университет өкілі ЖИ білімін тек IT мамандарына қажет дағды ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті.

— Қазір кез келген адам ЖИ бағытында білім алуы керек. Әр азамат жасанды интеллектіні қолдана білуі қажет, — деді ол.

Үш жылда білікті маман атану мүмкіндігі

Университеттегі бакалавриат үш жылға есептелген. Мұндай форматтың мақсаты — студентті еңбек нарығына мүмкіндігінше ертерек шығару.

Айдын Сәбитов оқу мерзімінің қысқалығы білім көлемінің аз екенін білдірмейтінін айтты. Керісінше оқу процесі қарқынды болады. Студенттер индустрия өкілдерімен бірлесіп жобалар жасап, оқу барысында нақты тәжірибе жинақтайды.

Университет Samsung Innovation Campus, Google, Huawei Academy және ICT Academy секілді халықаралық технологиялық платформалармен білім беру бағдарламаларын интеграциялауды көздеп отыр.

Бұл тәсілдің негізгі мақсаты — студенттің диплом алғанға дейін-ақ еңбек нарығында қандай құралдар мен дағдылар қажет екенін білуі.
Университеттің қазіргі моделінде басты назардың бірі — адамның бір мамандықпен шектеліп қалмауы. Өйткені ЖИ дамыған сайын технология ғана емес, оны қолданатын маманға қойылатын талап та өзгеріп отырады.

Сондықтан мұнда білім беру оқу бітірумен аяқталмайды. Түлектердің кейін де жаңа технологияларды меңгеріп, кәсіби білімін жаңартуына мүмкіндік беру көзделген.

Айта кетейік, бұған дейін, криптоалаяқтарды ЖИ арқылы анықтайтын отандық стартап жайлы жазған едік.