Жинаған ақшасын қайырымдылыққа жұмсаған қарияға Бас мүфти ерекше сый жасады

Фото: muftyat.kz

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодар облысының бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы қажылыққа жинаған қаржысын мұқтаж балаларға бөліп берген 93 жастағы Сағадат Жұмабаевпен кездесті. Қарияға бас мүфтидің атынан кіші және үлкен қажылыққа жолдама берілді. 

Облыс орталығындағы қарттар үйін мекендейтін ақсақал Сағадат Жұмабаевтың мүгедек жеткіншектерге жасаған жақсылығы өзіне қайтып келді. Оған еліміздің бас мүфтиі атынан қажылыққа тегін барып, қайту мүмкіндігі ұсынылып отыр. 

– Біз сіздің жасаған сауапты ісіңізге куә болдық. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мені сізге арнайы жіберді. Өзіңізге дұғай-дұғай сәлем айтып, сауапты ісіңізге шынайы алғысын білдіріп жатыр. Денсаулығыңыз жарап жатса, келесі жылы үлкен қажылыққа апаруға дайынбыз. Ондай болмаған жағдайда биыл кіші қажылыққа жіберейік. Жаныңызға арнайы адам қосып береміз, барлық ұйымдастыру жұмысын өзіміз қолға аламыз, - деді облыстың бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы. 

Фото: muftyat.kz

Бұл жаңалықты естіген қария ерекше қуанып, ризашылығын білдірді. 

– Ақсақал ретінде құрметтеп, хат жолдағандарыңызға рахмет. Жалғыз болғаннан кейін бара алмаймын деп жүрдім. Егер мұндай көмек болатын болса, үлкен қажылыққа барғым келеді, - деген таңдауын білдірді Сағадат Жұмабаев. 

Фото: muftyat.kz
Фото: muftyat.kz

Бұған дейін 93 жастағы ақсақал қажылыққа деп жинаған ақшасын мүгедек балаларға үлестіріп бергені туралы жазғанбыз.