Жиналған астықты сақтау бойынша бірқатар шара қабылданды – АШМ
АСТАНА. KAZINFORM – Астықты қабылдау кәсіпорындарына жаңа егіннен 7,2 млн тонна астық келіп түсті. Оның 5,2 млн тоннасы – бидай. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтты.
Спикердің айтуынша, жиналған астықтың сақталуын қамтамасыз ету үшін бірқатар шара қабылданды.
«Қазіргі уақытта лицензиялық элеваторлар 43 пайызға жүктелді. Бұл ретте элеваторлардың тәулік бойы жұмыс істеуі қамтамасыз етілді. Астықты қабылдау кәсіпорындарына жаңа егіннен барлығы 7,2 млн тонна астық келіп түсті. Оның 5,2 млн тоннасы – бидай. Жиналған астықтың қалған көлемі фермерде сақталуда», - деді вице-министр.
Нарықтың реттеушілік әсер етуі мақсатында Азық-түлік корпорациясы фермерлерден астық сатып алу шараларын қабылдауда. Биылғы жылдың форвардық келісімшарттары бойынша, сондай-ақ, өткен жылғы ұзартуларды ескере отырып, Азық-түлік корпорациясы 1,2 млн тонна астық сатып алады. Қазіргі уақытта 550 мың тонна немесе 46 пайыз астық алынды.
«Президент тапсырмасын орындау аясында жаңа егін астығын тікелей сатып алу жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде Үкімет резервінен 10 млрд теңге қаражат бөлу есебімен 150 мың тонна өнімді нарық бағасымен сатып алу ұсынылады. Астықты үлкен көлемде сатып алу үшін 75 млрд теңге мөлшерінде қосымша қаржыландыру қажет етілді», - деді А. Сұлтанов.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемін 100 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда. 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары ертерек қаржыландырады.
Сондай-ақ, бірінші кезекте шағын қожалықтардан астық сатып алынады.